PISA рейтингі мәлім болды. Қазақстан нешінші орында?

0
152

Бүгін халықаралық білім сапасын қадағалайтын PISA рейтингінің нәтижелері жарияланды. Қазақстан математика және жаратылыстану пәндері бойынша үздік 50 елдің қатарына кірді.

Жаратылыстану пәндерінен көрсеткіштер 26 балға артып, математика және оқу сауаттылығы бойынша алдыңғы нәтижелер сақталған.

«Қала мен ауылдық жерлердегі оқушылар арасындағы білім сапасындағы алшақтық азайып келеді. Жалпы, 81 елдің ішінде Қазақстан математикадан 46-орынды (2018 жылы 54), оқудан – 61-орынды (2018 жылы 69), жаратылыстану пәнінен – 49-орынды (2018 жылы 69) иеленді», – деп жазған оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Бұдан бөлек министр, халықаралық тәжірибені ескере отырып, білім беру сапасын одан әрі арттыру үшін 5 негізгі бағыт бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады. Олар:

  1. “Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы” кадрлық резервін қалыптастыру және менеджментті нығайту;
  2. 21 ғасырдағы дағдылар мен құзыреттерді дамыту үшін оқу бағдарламаларын жаңарту, ауыл мектептерін қолдау жөніндегі кешенді бағдарламаны іске асыру;
  3. Дайындық тәсілдерін жетілдіру, педагогтерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру;
  4. “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы шеңберінде жаңа мектептер салу, қалған білім ошақтарын жаңғырту, инфрақұрылымын дамыту;
  5. Сапаны бағалаудың ұлттық жүйесін трансформациялау.

Бұл шаралардың барлығы биыл Үкімет қаулысымен бекітілген «Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында» қамтылған.

PISA – 2000 жылдардан бері үш жылда бір ұйымдастыратын әлем елдері арасында 15 жастағы оқушылардың функционалдық сауаттылығын тексеру мен бағалаудың халықаралық бағдарламасы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз