Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Еуразия Ұлттық университетінде өткен форумда министрлік құрамында Жасанды интеллект комитеті құрылатынын хабарлады.
Саясат Нұрбектің сөзінше, бүгінде 2022 жылдан бері жасанды интеллект белсенді дамып келеді.
“Ал былтырғы даму процесін ғылыми орта “ойын жылы” деп атап кетті. Бәрі ойнады, көрді, таңғалды. Енді биыл салмақты әңгіме болатын түрі бар. Жасанды интеллект саласына бүкіл алпауыт компаниялар кірісіп кетті, триллиондаған инвестиция құйыла бастады. Осы кейінгі 5 жылдың ішінде 27 мемлекет өздерінің ұлттық жасанды интеллект стратегияларын қабылдады”, – деді Саясат Нұрбек.
Министрдің айтуынша, мұндай стратегияны Қазақстан биыл қабылдады. Оған сәйкес, министрлік құрамында Жасанды интеллект бойынша арнайы комитет құрылады.
“Біздің институттарымыз әзірлеген ауқымды тіл моделі шығады. Ол модельді суперкомпьютерде жаттықтырамыз да, қазақша түсінетін өзіміздің тұңғыш ChatGPT пайда болады. Қазір бүкіл араб елдерінде өздерінің тіл модельдерін жасап жатыр. Оларға жеңілдеу. Өйткені, араб тілінде шыққан ғылыми еңбек, жазба әдеби мәдениет көп. Өкінішке қарай, өзімізді қанша мақтасақ та, бізде ондай мыңдаған жылдық кітапханалар жоқ. Мәдениетіміз де, өркениетіміз де ауызша. Сондықтан Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп бүкіл БАҚ-тың, киноқордың мұрағаты негізінде осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Соны жеңілдету үшін Оксфорд университеті көмектесті”, – деді ол.