26 сәуірде халыққа отандық вакцинаны егу басталады

0
255

26 сәуірден бастап Қазақстанда халыққа коронавирусқа қарсы қазақстандық QazVac (бұрынғы QazCovid-in) вакцинасы салына бастайды. Бұл туралы бейсенбі күні ведомствоаралық комиссияның телеграм каналы хабарлады.

Екпенің алғашқы 50 мың дозасы жақын арада “СК-Фармация” компаниясының (мемлекеттік ауруханаларға дәрі-дәрмек жеткізетін бірыңғай дистрибьютор) хабтары арқылы Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Шымкент қалаларына жеткізіледі. Вакцинаның тағы 50 мың дозасы мамыр айында шығарылады. Кейінірек айына 500-600 мың дозаға дейін вакцина өндіру жоспарланған.

Вакцинаны өндіруші Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институты клиникалық сынақтың соңғы үшінші кезеңі аяқталмай жатып, сәуір айында QazVac вакцинасын жұртқа жаппай сала бастайтынын хабарлаған. Бұған қоса клиникалық сынақ 9 шілдеде аяқталатынын, одан соң ғалымдар сынаққа қатысқан 3 мың еріктінің дерегін 20 күндей сараптайтынын айтқан.

Кейбір вирусолог мамандар “QazVac вакцинасы жайлы мәлімет тапшы” екенін, екпені сынаудың үшінші кезеңіне небәрі үш мың адам ғана қатысқанын атап өткен. Өзге вакциналармен салыстырсақ, Pfizer, Moderna немесе “Спутник V” екпелерін сынаудың үшінші кезеңіне 30 мыңнан астам адам қатысқан.

Ал елдің вице-премьері Ералы Тоғжанов 22 сәуірде “қазақстандық вакцинаның шығуы елімізге коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарған әлемдегі бес елдің қатарына кіруге мүмкіндік берді” деп мәлімдеді.

Вице-премьер Ералы Тоғжанов және Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Вице-премьер Тоғжанов бұған дейін Жамбыл облысындағы вакцина зауытының “құрылысы біткенге дейін” коронавирусқа қарсы қазақстандық QazVac екпесі Түркияда құтыларға құйылатынын хабарлаған. Агенттіктің жазуынша, Тоғжанов бейсенбі күні вакцинаның алғашқы дозасының Қазақстанда шығарылатынын айтқан.

Жыл басында “отандық вакцина салғызамын” деген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 6 сәуірде ресейлік “Спутник V” екпесін салдырғаны белгілі болды. Бұған қатысты пікір білдірген денсаулық сақтау министрлігі президенттің “Қазақстанда өндірілген вакцинаны салдырғанын” айтты. Қарағандыдағы фармацевтикалық кешен ресейлік “Спутник V” вакцинасын өндіреді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз