Цой: Қазақстанға қытайлық вакцинаның үш миллион дозасы келе жатыр

0
954
Алексей Цой. Photo: primeminister.kz

26 наурызда Алматыда өткен медициналық қауымдастықтың жиынында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елге қытайлық Sinovac Biotech компаниясының коронавирусқа қарсы вакцинасы жеткізілетінін хабарлады.

“Sinovac компаниясының тағы үш миллион дозасы келе жатыр. Pfizer-мен де келісіп жатырмыз. Үш миллион доза сәуір айында келеді”, – деді Цой.

Бұған дейін батыс ақпарат құралдары коронавирусқа қарсы қытайлық вакцинаның тиімділік көрсеткіші төмен екеніне назар аударған. Sinopharm компаниясының өзі препараттың тиімділігі 79 пайыз екенін айтқан.

Қазақстанда коронавирусқа қарсы екпе салу науқаны ақпан айында басталған. Қазір ресейлік “Спутник V” вакцинасы пайдаланылып жатыр. Қазақстан аумағында бұл вакцина ресми түрде 16 ақпанда тіркеуден өткен. Вакцинаның алғашқы партиясы Ресейден жеткізілген. Қазір бұл препаратты Қарағандыдағы фармацевтикалық кешен өндіріп жатыр. Цойдың айтуынша, Қарағандыда 750 мың доза өндірілген. Қазір аймақтарға 150 мың доза тасымалданып жатыр.

Коронавируспен күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының 25 наурыз күнгі мәліметі бойынша, 107 341 адамға вакцинаның бірінші дозасы салынған. Ал 20 504 адам вакцинаның екі дозасын алған.

Жақында Қазақстан Ресейден вакцинаның тағы 4 млн дозасын елге жеткізуді сұраған.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, былтырдан бері елде 238 мыңнан астам адамның коронавирус тесті оң шыққан. 50 мыңнан астам коронавирус пневмониясына шалдыққан. (Коронавирус пневмониясы ПТР тесті теріс шықса да, клиникалық белгілері бойынша Covid болып саналады). Коронавирус пен пневмониядан 3,6 мыңнан астам адам қайтыс болған. Көптеген сарапшылар ресми статистикаға күмән келтіреді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз