15 қараша – Ұлттық валюта күні

0
229

15 қараша-Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы күні.

15 қарашада Қазақстанда ұлттық валюта күні аталып өтіледі. Сондай-ақ, 15 қараша Қазақстан Республикасының қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне айналған.

Төл валютамыздың тарихына көз жүгіртсек, 1992 жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекіткен. Қазақ валютасын өмірге келтірген суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлелов ең алғашқы теңгемізде белгілі тарихи тұлғалардың портреті, Алатау мен Көкшетау көрінісі, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бейнесі, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар пайдаланған. Бір теңгелік банкнотқа Әбу Насыр әл-Фараби, үш теңгелікте Сүйінбай, бес теңгелікте Құрманғазы, он теңгелікте Шоқан, жиырма теңгелікте Абай, елу теңгелікте Әбілқайыр хан, жүз теңгелікте Абылай хан бейнесі сомдалды.

1993 жылы алғашқы теңге партиясы Англияның ең көне әрі әйгілі «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылды. Теңгені елге тасымалдау үшін төрт ИЛ-86 ұшақтары Тұманды Альбион еліне 18 мәрте қатынады. Төл валютамыздың алғашқы партияларын сақтау үшін арнайы жерасты қоймалары дайындалып, дәл осы қоймалардан ұлттық теңгеміз еліміздің барлық өңірлеріндегі банктерге 8 күн ішінде жеткізілген еді.

1993 жылдың 15 қарашасында Тәуелсіз Қазақстан Республикасының төл валютасы айналымға енді. Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау 1993 жылы 15 қарашада сағат 8.00-де басталып, 20 қарашада сағат 20.00-де аяқталды.

Қазір банкнот – Ұлттық банктің Алматы қаласындағы Банкнот фабрикасында, ал монета – Өскемендегі Монета сарайында шығарылады.

Фото: Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің баспасөз қызметі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз