Үлкен Алматы айналма жолы 25 жылда бюджетке 570 млрд теңге түсіреді

0
233

Алматы қаласын орап жататын заманауи жоғары технологиялық айналма жолын құру әрі транзиттік ағындарды қала сыртынан өткізу мақсатында салынғалы жатқан «Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы» (орысша: БАКАД) іске асқан жағдайда 25 жыл ішінде ел бюджетіне 570 миллиард теңге пайда әкеледі, деп хабарлайды Инвестициялар және даму министрлігінің баспасөз қызметі.

БАКАД жолын салу және пайдалану концессиялық* жобасын іске асыру жұмыстарының жүргізіле бастағанын хабарлаған баспасөз қызметінің релизінде жобаның концессиялық міндеттемелерінің 512 миллиард теңгені құрайтыны айтылды. Ол Инвестициялық шығындарды өтеу және Басқару сыйақысы (меншікті капиталдың құны, операциялық кезеңдегі банктің пайыздары, қосымша құрылыс шығыны, қосымша операциялық шығындар, корпоративті табыс салығы мен қосылған құн салығы секілді салықтар (НДС), операциялық шығындар, пайдалану кезіндегі сақтандыру шығындары) мәселелерін қамтиды.

Концессионерге төленетін концессиялық міндеттемелер жолдың құрылысы аяқталып, оның мемлекеттік меншікке қабылдануынан кейінгі 15,5 жыл ішінде жүзеге асырылатын болады. Қаржылық инвестиция жасайтын концессионер өз еркімен тәуекелге барып, жол жобасын іске асыру үшін екінші дәрежелі банкілерден несиелік қаржы тартады деп күтіледі. Ілгеріде жол бюджет қаржысы жұмсалмай-ақ, мемлекет меншігіне өтетін болады.

Алдағы 3 жылда шетелден келетін тікелей инвестиция арқылы құрылыс-монтаждау жұмыстарына қажетті 150 миллиард теңгеден астам сома толығымен жабылмақ.

Сондай-ақ, 15,5 жылда (шарттың аяқталуына дейін) бюджетке төленетін жоспарлы жинақ 231 миллиард теңгені құрайды. Ал, 25,5 жылда (алғашқы күрделі жөндеу жұмыстарына дейін) – 570 миллиард теңге көлемінде табыс түседі.

«Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы» жобасы 4 ірі компаниядан тұратын түрік және оңтүстіккореялық консорциумға тапсырылды. 65,5 километр ұзындығындағы айналма жол сапасы бойынша бірінші санатты автожолдар қатарына енеді деп күтілуде.

*Концессия – табиғат байлықтарын, кәсіпорындарды және мемлекетке тиесілі басқа да шаруашылық нысандарды шет мемлекетке, шет ел фирмасына, компаниясына, т.б. тұлғаларға белгілі бір мерзімге пайдалануға беру туралы шарт.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз