Елордада бірқатар медициналық мекемелерде кардиолог, невропатолог, окулист, травматолог секілді мамандар тапшы. Осыған байланысты тұрғындардың көбі жеке поликникаларға жүгінеді. Бұл туралы Астана радиосының «Қала тынысы» бағдарламасында Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров мәлімдеді, деп хабарлайды Elorda.info.
Сондай-ақ қалада 73 мың тұрғын тұмауға қарсы екпені тегін қабылдайды. Ең алдымен балалар, жүкті әйелдер, медициналық қызметкерлер қамтылады.
Жыл басынан бері 84 мектептегі медициналық қызмет көрсету Денсаулық сақтау басқармасына берілген еді. Олардың 20 пайызының медициналық қызметті жүзеге асыруға берілетін рұқсат қағазы болмады. Дегенмен, бүгінде бұл мәселе шешілді.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, жуырда ғана елордалық 73 мектеп «Мектеп денсаулығы» жабдықтарымен қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар Камалжан Надыров эфир барысында электронды денсаулық паспорты жыл соңына дейін енгізілетінін хабарлады.