Бала тәрбиесіне қатысты 10 кеңес

0
965

Бала басты тәрбиені ең алдымен отбасынан алады. Жақсы тілек пен ниеттің орындалуына мүмкіндік жасайтын – ата – ана. Елдің болашағы өнегелі жас ұрпақтың қолында. Әрине, ата-ана баласын жаман болсын деп емес, қоғамға пайдалы «адам» болсын деп тәрбиелейді.  Алайда, кейбір ата-аналар жұмыстың көптігі мен уақыттың жоқтығын сылтауратып 30 минут баланың тәрбие ісімен айналысуға ерінеді. Осындай жағдаяттардан үлкен қателік туындайды. Тәулігіне 24 сағат баланың жанында отыру шарт емес, оны жақсы көретін, бағалайтын, құрметтейтін, пікір бөлісетін, ол үшін өмірдегі ең маңызды адамдардың бірі бола біліңіз. Жаңа ашылған гүлдің күннің көзін көруге ұмтылатыны сияқты, бала да өзін сүйетін, қажет деп бағалайтын адамға ұмтылады. Есте сақтаңыз, үйде досы жоқ баланың түзде жанашыры болады. Ал ол жанашырдың кім екені, баланың болашағына, тәрбиесіне қалай әсер ететіні белгісіз…

Ата – аналар өзінің алдына мақсат қойып, оның жүзеге асуына мән беретін болса, ұрпағының тәрбиелі, өнегелі, білімді болып өсуіне жол ашады.

kazaknews.kz Халықаралық «Spectrum» мектебінің психолог маманы Индира Оспанқызымен кеңесе отырып бала тәрбиесіне қатысты ата-аналарға арналған бірнеше кеңесті ұсынады.

  • Баланы тәрбиелеу мақсатында оны ешқашан өзге біреумен салыстырмаңыз. Не болмаса «біз кезінде осылай жасағанбыз» деген сынды «міндетсінетін» сөздерді пайдаланбаңыз. Бұл ой өрісі енді ғана дамып келе жатқан баланың алға қойған мақсаттарына жетуіне кедергі болады. Тіпті «бұл менің қолымнан келмейді» деген ой пайда болып ойлаған істі сол қалпында тастап қоюға әкеліп соғады.
  • Балаңызбен әңгімелесу нәтижелі болуы үшін, ең алдымен ашық жарқын сенімге құрылған риясыз әдісті таңдаңыз. Көңіл күйдің нашарлығы бала тәрбиесінде кері әсер ететінін естен шығармаңыз.
  • Отбасында бір тәрбиелеуші қатал болған жағдайда міндетті түрде екінші біреу жұмсақтық танытуы қажет. Бұл баланың психологиялық дамуына, тікелей әсер етеді. Ата-ананың сөзі қатал естілуі мүмкін, алайда зілді, өрескел болмауы тиіс. Не болмаса бір мезетте қатал да мейірімді болуды үйреніңіз. Егер сіз балаңызға деген ыстық ықыласыңызды үнемі білдіре отырып, тек керек уақытында ғана ұрсатын болсаңыз, онда бұл сіздің тәрбиеңіз барысында міндетті түрде жемісін береді. 
  • Балаңыз үшін керек уақытта қажетті ақыл қосатын, оның қадамдарын айыптамайтын ең жақын досына айналыңыз.
  •  Эмоциялық жағдайларға бақылау жасау. Өмірдің мәнін ұғындыратын дұрыс таңдау жасауға, әлеуметтік және жеке адамның тәжірбиелерін кеңейтуге бағытталған жұмыстар жүргізу. Отбасында баламен оның дәрежесін төмен сезінуге ықпал ететіндей қарым-қатынас жасамау, әрдайым баламен пікір алмасып оның қоғамда өзіндік орынын қалыптастыруға септігін тигізу. Олардың құқықтары мен жауапкершіліктерінің аясын кеңейту. Үлкен адамдардың тарапынан эмоциялық сүйемелдеу болуы керек.
  • Балаға өмірдегі өз ұстанымдарына тұрақты, берік болуды үйретіңіз. Мұндай қасиетті бойына сіңірген бала екіұдайылық пен жалған сөйлеушіліктен де аулақ болып жетіледі.
  • Баламен дос немесе құрбысы сияқты сырласа біліңіз. Әңгіме барысында әрдайым оның көзіне қарап, мұқият тыңдаңыз. Себебі бала сол сәтте ғана оның ішкі жан дүниесіндегі алаңдатқан мәселелерге сіздің бей-жай қарамайтыныңызға сенімді болады.
  •  Балаға оның бүгенге дейін жасаған қателіктерін қайта айту арқылы бетіне баспаңыз. Өткенді өткеннің еншісінде қалдыруды үйреніңіз.
  • Баланың бойында ең негізгі үш қасиетті, шешім шығару, құрмет және жауапкершілікті дамытуға міндетті екеніңізді естен шығармаңыз. Әрдайым еңсесін тік ұстайтын, қоршаған ортаға құрметпен қарайтын, өз қадамдары үшін жауап бере алатын адамдардың көп жағдайда табысқа жететінін ұмытпаңыз.
Жадыра Аманбайқызы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз