Алматыда қаламгер Мәлік Отарбаевтың екі кітабының тұсаукесері өтті

0
280

3 қыркүйек күні Алматыда қаламгер, аудармашы Мәлік Отарбаевтың “Біз күткен бақыт” және “Таңғы шық” атты кітаптарының тұсаукесері өтті.

Қаламгердің қолтаңбасы қойылған су жаңа шығармалары оқырманға жол тартты.

Мәлік Отарбаев кітабына қолтаңба қалдырып отыр.

Қазақньюс ақпарат агенттігінің тілшілері жазушымен тілдесіп бірнеше сұрақ қойды.

БІЗ КҮТКЕН БАҚЫТ ҚАНДАЙ БАҚЫТ?

  • Әр адам іштей бір бақытты күтеді. Бақытты болғысы келеді. Кез келген адамға бір нәрсе тілейтін болсақ осы дүниедегі бақытты тілейміз. Ал енді ол бақ әркімге әрқалай қонады ғой. Қоғамда бақытты болуға көптеген кедергілер болады. Ол кейде мінезсіздіктен туындауы мүмкін. Кейде көркем мінезден алыстаған сайын бақ та бізден алыстауы ықтимал. Бәлкім біреуді бағаламай жатқандықтан бақтан айырылып қалуымыз мүмкін. Бұл кітаптағы алақандай әңгімелердің барлығы қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғайды. “Біз күткен бақыт” деп отырғанымыз ол менің де арманым. Мен де қоғамда бір бақыттың болғанын, мемлекетіміз, еліміз, ұлтымыдың адам ретінде біздер де бақытты болсақ екен деген тілектемін.

ҚАЗІРГІ ОҚЫРМАН ҚАНДАЙ КІТАП ОҚУ КЕРЕК, ҚАЛАЙ ОҚУ КЕРЕК?

  • Несіпбек Дәутайұлы ағамыз жақында ғана қайтыс болды. Сол кісінің ылғи айтатыны бар. “Жазушы көп, суреткер жазушылар аз” деп. Біз шын мәнінде суреткер жазушыларды көбірек оқуымыз керек. Себебі суреткер жазушылардың шығармасында сурет, жан, рух болады. Ең бастысы онда көркем тіл бар. Мысалы Мұхтар Әуезов дегенде ең алғаш ойға “Абай жолы” оралады. Алайда Әуезовтың “Қаралы сұлу” атты бір шығармасын оқып ақ оның қандай жазушы екенін тани аламыз, әлемге таныта аламыз. Бүкіл “Абай жолын” көрсету шарт емес. “Абай жолы” әрине өз алдына бөлек тау. “Қаралы сұлу да” бір төбе. Суреткер дара жазушы болмаса ондай әңгімені жаза алмайды. Қазір кітап та қаламгер де көп. Әр оқырманның талғамы басқа әрине. Ал менің ойымша, суреткер жазушылардың шығармасын оқығанымыз жөн. Сонда біз өзіміздің биік талғамнан түспейтін боламыз.

КІТАПТЫ ҚҰНДЫ ЕТЕТІН НЕ НӘРСЕ?

  • Кітапты кітап ететін ең алдымен оның мазмұны, тілі. Талай жазушының кітабын көріп жүрміз. Кейде соларға тісіміз батпайды. Бастасақ бітіре алмай қаламыз. Оның ішкі мазмұны, рухы маңызды деп ойлаймын. Шығарма қаншалықты жүрекпен жазылды? Сосын әрине көркем тіл кез келген туындының шоқтығын биік етеді.

ЖАЗУШЫНЫҢ ОЙЫН ТҮПНҰСҚАДАҒЫДАЙ ЖЕТКІЗУ ҮШІН АУДАРМАШЫ ҚАНДАЙ БОЛУЫ КЕРЕК?

  • Аудармашы да жазушының деңгейінде болуы керек. Жазушыны да жазушы аударғаны дұрыс. Тіл білемін, аудара саламын деген қате түсінік. Аудармашы шығарманы өзге тілде сөйлететіндіктен ол да жазушы болғаны жөн. Өйткені ол сөздің астарын, мағынасын жақсы түсіне алады. Ақынды ақын, ғалымды ғалым аударғаны дұрыс деп ойлаймын.

Тұсаукесерге ақын, жазушылар мен оқырмандар қатысты. Жазушы Смағұл Елубай Мәлік Отарбаев шығармашылығының ерекшелігіне тоқталып өтті.

Жазушы Смағұл Елубай.

“Маған бір ұнайтыны Мәлік қандай шығарма жазса да оның туындыларынан имандылықтың лебі есіп тұрады. Мәліктің шығармашылығы қазақ әдебиетінде осы арқылы ерекшеленеді деп ойлаймын. Ол маған қандай кітап берсе де оны бастан аяқ оқып шығатын дәстүріміз бар. Сүйіп оқитын бір кітап қолға тиген секілді және баршаңызды осы құнды дүниеге ие болуларыңызбен құттықтаймын”, – деді жазушы Смағұл Елубай.

Қаламгердің бұған дейін “Ойқазан”, “Бір қайыры бар дүние” әдеби-философиялық ойтолғауы жарық көрген.

“Баянды бақ” пьесасы Атырау облыстық Махамбет атындағы драмалық театрында, Түркияның бірнеше қаласында сахналанған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз