«АрселорМиттал Теміртау» кеніштеріндегі кеншілер дауы шешілді

0
63

 «АрселорМиттал Теміртау» АҚ кеніштеріндегі ереуіл шешімін тапты.

Қарағанды облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша,  Қарағанды облысы әкімі Ерлан Қошановпен және «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Вадим Басинмен кездесуден соң бірінші болып жер бетіне Қазақстан шахтасының кеншілері шыққан. Ізінше Шахтинск, Тентек және Ленин атындағы шахталардағы жұмыскерлер жоғарыға көтерілген. 01.00-ге қарай барлық кеншілер (420 адамға жуық) жоғары көтерілген.

Бұдан өзге әкімдік кеншілерге жұмыс берушілер ұсынған шарттар туралы хабарлады. Онда барлық жер асты қызметкерлеріне 30%-ға жалақыны көтеру мақұлданғаны айтылады. Жер бетінде жұмыс істейтін көмір кәсіпорындары қызметкерлерінің жалақысын көбейту мөлшерін алдағы келіссөздер барысында Келісу комиссиясы анықтайтын болады. Компанияның көмір департаментінің барлық жұмыскерлеріне еңбекақы көлемінде бір реттік сыйақы төленетін болады.

Оған қоса, жұмыс берушілермен 15-ші желтоқсанды демалыс күні деп жариялап, жұмысқа 16-шы желтоқсаннан бастап кірісу туралы ұсыныс жасалды.

Кеншілерге Шахтинск қаласы прокурорының қолы қойылған хат таратылды. Хатта осы ереуілге қатысқаны үшін кеншілерді қылмыстық қудалаудан босату кепілдігі берілген. Сонымен қатар прокуратура органы қажет болған жағдайда осы мәселеге қатысты құқықтық қолдау көрсетуге дайын екендерін білдірді.

Құрамына ынталы топ мүшелері, кәсіподақ комитеттері, прокуратура өкілдері, шахталардың директорлары, сондай-ақ облыс және АМТ басшылығы енген Келісу комиссиясы шеңберінде кеншілер жұмыс берушімен әлі де келіссөздерді жалғастырады.

Cабина Сайлаубай

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз