Қазақстан және Әзірбайжан “Жол картасын” қабылдады

0
73
ҚР Энергетика министрлігі

Бакуда Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасы арасындағы Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының кезекті 14- ші отырысы өтті, деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

Отырысқа Комиссияның тең төрағалары – Қазақстанның Энергетика министрі Қанат Бозымбаев және Әзірбайжанның Энергетика министрі Пярвиз Шахбазов, Комиссия мүшелері, сондай-ақ екі елдің сарапшылары қатысты.

Іс-шара шеңберінде тараптар Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 13-отырысында қабылданған шешімдердің жүзеге асу барысын қарастырып, екіжақты ынтымақтастықтың сауда-экономикалық, отын-энергетикалық, ауыл шаруашылық, транзиттік- көліктік, мәдени-гуманитарлық және тағы басқа салалардағы мәселелерді талқылады.

Қ.Бозымбаев Қазақстан мен Әзірбайжанның сауда-экономикалық байланыстары екі ел қарым-қатынастарының негізін қалайтынын және осы қатынастарды одан әрі ұлғайту үшін транзит, көлік, энергетика,  ауыл шаруашылығы, темір жол көлік жасау, туризм және спорт салаларында үлкен әлеуеті бар екенін атап өтті. Сонымен бірге, Қазақстан делегациясының басшысы ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы әріптестік те жақсы деңгейге жеткеніне ерекше назар аударды.

Іс-шараның нәтижесінде отырыстың қорытынды хаттамасына қол қойылды және екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту бойынша «Жол картасы» әзірленіп, қабылданды. Сонымен қатар, тараптар  Үкіметаралық комиссиясының кезекті 15- ші отырысын 2018 жылы Астана қаласында өткізуге келісті.

Сонымен қатар, 8 желтоқсанда Бакуда Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Қ.Бозымбаев Әзірбайжан Республикасының Экономика министрі Шахин Мустафаевпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар екіжақты сауда-экономикалық мәселелерді талқылап, транзиттік-көліктік ынтымақтастық жайлы пікір алмасып, Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының өткен 14- ші отырысының қорытындыларын талқылады.

Бұдан өзге Әзірбайжан Экономика министрі «Ақтау теңіз порты» еркін экономикалық аймағындағы ауыл шаруашылық өнімдерін қабылдау, сақтау және қайта өндеу бойынша логистикалық орталықты бірлесе басқару мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Сабина Сайлаубай

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз