Қазақ жігіттері Сирияда немен айналысқан?

0
179
Photo: Abzal Kaliyev

Астанада қылмыстық істер бойынша ауданаралық сотта “Жусан” операциясы аясында елге қайтарылған 14 адамның аты-жөні жарияланды. Олардың бәрі ДАИШ* террористік ұйымының мүшесі болған Бұл туралы Sputnik Қазақстан сайты хабарлады. 

Тергеу материалдарына сәйкес, айыпталушылардың біреуі – 1992 жылы туған Данияр Әлтаев. 2013 жылы Бішкек арқылы Сирияға барған. Лақап аты – “Әбу Юсуф”. Екіншісі – 1997 жылғы Абзал Амангелді. Осыдан төрт жыл бұрын ата-анасымен бірге Сирияға көшіп кеткен. Сол жақта ИГИЛ*-дың құрамына кіретін “қазақ жамағатына” қосылған. Былтыр Абзал Амангелді террористік ұйым құрамынан шығып, қашып кетті. Оның бес баласы бар.

Photo: Abzal Kaliyev

Ал Тұрлан Әбілқайыров 25 жасында әйелі мен баласын алып, алдымен Ресейге, одан кейін Түркияға барған. Сол жақтан Сирияға заңсыз өтіп кеткен. Сөйтіп террористік топтың құрамына қосылды. Оның лақап аты – “Әбу Сейфуллах”. Тағы бір сотталушы Жандос Әжмәмбетов Сирияда “Хасан” деген атымен танылған. Жасы – 29-да. 1985 жылы туған Ермұхан Айыпқалиевтың лақап аты – “Исмайл”. Ол жарақат алып, мүгедек болып қалған. Айыпқалиев бүгінгі сот отырысына бейнебайланыс арқылы қатысты. Себебі өзі жүре алмайды.

56 жастағы Газинұр Бақытжанов Сирияда екі бірдей лақап атпен танылған. Біреуі – “Әбу Сүлейман”, екіншісі – “Бабай”. Ол ИГИЛ*-дың ішкі қауіпсіздік қызметіне кірген және әскер қатарынан қашқан Қазақстан азаматтарын құрықтауға көмектескен. Онымен бірге 1986 жылғы Аманжол Жансеңгіров жүрген. Ол 8 жыл бұрын алдымен Ауғанстанға барған. Ал екі жылдан кейін Сирияға заңсыз өтті.

Бұдан бөлек, сотталушылардың арасында 1986 жылы туған Алмаз Нарбутин (лақап аты – “Солих медик”), 1988 жылғы Дәурен Сәбитұлы, 1990 жылғы Думан Сәдуақасов және 1987 жылы туған Данабек Төреханов бар. Сотта барлығы өздерінің отбасы жайында айтып берді. Мәселен, Алмаз Нарбутиннің екі баласы бар. Екі рет үйленген, бірақ заңды неке қимаған. Оның бір әйелі Сирияда жүргенде қайтыс болды.

*ДАИШ, ИГИЛ (Ислам мемлекеті) – Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз