Жамбыл, Алматы және Түркістан облыстарында ақ түтек боранда адасып кеткен шопандар құтқарылды. Төтенше жағдайлар министрлігі жолда қалғанда, адасқанда 112 немесе 8(727) 372-15-60 нөміріне (Республикалық жедел-құтқару жасағының кезекші-диспетчерлік бөлімі) қоңырау шалу керегін хабарлады.
Түркістан облысы
Енді оқиға қалай болғанын түсіндірейік. 12 желтоқсанда Түркістан облысының таулы аймақтарында және Бәйдібек ауданында бұрқасын жел басталып, аяз күшейді. Салдарынан Түркістан облысы Бәйдібек пен Түлкібас аудандарының аумағы, Батыс-Еуропа Батыс-Қытай трассасы, Қошқарата-Жарықбас-Бірлік, Шаян-Ағыбет-Шақпақ, Көксәйек-Ақсу-Мыңбұлақ бағытындағы жолдар жабылған.
Кешкі сағат 21:00-де құтқарушылар қарлы боранда қалған шопанды құтқарды. Отырар ауданында бір отар қойы бар шопан Сарыкөл ауылында жоғалып кеткен. Іздестіру кезінде 1965 жылы туған шопан Сарыкөл ауылынан 20 шақырым жерден табылған.
Түркістан облысының ТЖД Қолайсыз ауа-райында және қараңғы уақытта жолға шықпауды ескертеді. Қала сыртына баратын жолаушылардан жолдардың жай-күйі туралы «Дармен» мобильді қосымшасынан білуге болады.
Алматы облысы
11 желтоқсан күні сағат 22:03-те Алматы облысының Жамбыл ауданында бір отар қойды баққан екі шопанның жоғалғаны туралы да хабар келіп түскен. Республикалық жедел-құтқару жасағының 10 адамнан тұратын жедел құтқару тобы, оның ішінде 1 кинологиялық есеп өтімдігі жоғары үш автотехникамен ер адамдарды іздеуге шыққан. Базадан іздеу орнына дейінгі арақашықтық 138 шақырымды құраған.
12 желтоқсанға қараған түні 02.40-да құтқарушылар шопандарды Жартас ауылы ауданында даладан іздеуге кірісті.
ТЖМ мәліметінше, сағат таңғы 09.55-те жоғалған бірінші шопан табылған, ал екіншісі сағат 10.15-те табылды. Құтқарушылар екеуін де Жартас ауылы қарайтын аудан аумағында даладан тапқан.
“Бақытымызға орай, адамдар қатты аязға қарамастан үсіп қалмаған, зардап шеккен жоқ. Шопандар далада бағытын жоғалтып, адасып кеткен екен. 1984 және 1982 жылы туған екі адам құтқарылды”, – делінген министрлік таратқан ақпаратта.
Жамбыл облысы
12 желтоқсанда сағат 00:24 шамасында Шу ауданы, Көкқайнар ауылынан 15 шақырым жерде шаруа қожалықтардың бiрiнің екі малшысы адасып, жоғалып кеткені туралы хабар түскен.
Жедел-іздестіру жұмыстарына полиция қызметкерлері, аудан әкімдiгi, ТЖД қызметкерлерiнен бөлек жергілікті тұрғындар да жұмылдырылды. Қалың қар басқан жолдар “Грейдер” техникасымен аршылып, айналаны жiтi қарау шаралары ұйымдастырылған.
“Жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде түнгі сағат 3.00 кезінде малшылар және қарауындағы малдары аман-есен табылды. Құтқарылған азаматтардың жағдайы бірқалыпты, медициналық көмекті қажет етпеді”, – деді Шу ауданы полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Дiнмұхамбет Қойтөриев.