Жаңа әлеуметтік бастамалар жария етілді

0
45

Президент Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жаңа әлеуметтік бастамаларды жария етті.

«Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» идеясы жаңа нақты түйінмен толықтырылу қажеттігін атаған мемлекет басшысы әрбір қазақстандықтың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған жаңа әлеуметтік бастамаларды талқылау үшін Парламент палаталарының бірлескен отырысын шақырғанын атап өтті.

Бірінші бастама – баспана алуға жаңа мүмкіндіктер. Бастамаға сәйкес, “7-20-25” бағдарламасы жүзеге асырылады. Президент ұсынған бағдарламаның шарттарына сәйкес, әрбір еңбекпен қамтылған қазақстандық келесі шарттар аясында баспана алуға мүмкіндігі болады.

“Қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі – жылына 7 пайыздан көп емес. Алғашқы салым – 20 пайыздан артық емес. Несие мерзімі 25 жыл”.

Екінші бастама – төмен еңбек ақы алатын жұмыскерлерге салық жүктемесін төмендету.

Салыстырмалы түрде еңбек ақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін салық жүктемесін 10 пайызға төмендету. Бұл ай сайын 25 АЕК мөлшерде аз жалақы алатындарға жеке салық мөлшерлемесі негізінде жасалады. Мемлекет басшысы салық жүктемесінің төмендеуінен түскен қаражаттың аз еңбек ақы алатын қазақстандықтардың жалақысын көтеруге бағытталу қажеттігін атады.

Үшінші бастама – жоғары білімнің сапасы мен қол жетімдігі.

Бұл бастаманы жүзеге асыру үшін жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа тағы 11 мың грант бөлінуі қарастырылған. Оның ішінде 11 мың (қажет болса одан да көп) грантты техникалық мамандарды даярлау үшін бөлу көзделуде. Мемлекет басшысы сондай-ақ сапалы біліммен қамтамасыз ету мақсатында білім және ғылым министрлігіне студенттерге арналған 25 мың орыннан кем емес жатақхана құрылысының 2022 жылға дейін аяқталуын міндеттеді.

Төртінші бастама – шағын несие алуды кеңейту.

Президент өткен жылмен салыстырғанда шағын несиелеуді 20 млрд теңгеге ұлғайтуды тапсырды. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл тұрғыда шағын несиелеудің жалпы соммасы жылына 62 млрд теңгені құрайды, нәтижесінде өз кәсібін ашушылар саны 2 есе көбейіп, 14 мыңға жетеді.

Бесінші бастама – елді газбен қамту.

Тәуелсіздік жылдарында газ өндіру жылына 8-ден 1000-2000 миллиард текше метрге жетті, және бұл көлем жыл сайын артпақ. Мемлекет басшысы елдегі газбен қамту шамамен 50 пайызды құрайтынын айтты. Газбен 9 аймақ қамтылған, дегенмен, орталық және солтүстік аймақтар газбен қамтылуда қалыс қалып отыр. Бұл мәселені шешу үшін президент бастамасымен Қараөзек (Қызылорда облысы)-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана бағытындағы магистральді газ құбырын салу жолға қойылады.

Сафина Саид

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз