ҰҚК: Сайлау алдында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болған топ ұсталды

0
144
Photo: KazTAG

17 қарашада Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті “20 қарашада Қазақстанда жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болған” күдіктілерді ұстағанын хабарлады.

ҰҚК хабарлауынша Алматы және Алматы облысындағы қызметкерлер жүргізген “арнайы операция” кезінде жеті адам ұсталған.

ҰҚК Қылмыстық кодекстің “Билікті басып алуды не ұстап тұруды насихаттау не оған жария түрде шақыру, сол сияқты билікті басып алу немесе ұстап тұру не Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгерту” және “Жаппай тәртіпсіздік” бабы бойынша тергеу басталғанын да хабарлады. Комитет күдіктілердің есімін айтпады.

Комитет “күдіктілер ел ішінде шу туғызып, қалаларды басып алу жоспарын құрған” әрі “Астана мен Алматы қаласына басты назар аударған” дейді.

“Олар Мұхтар Әблязовтің билікті сынаған әрекеттерін қолдап, елде тыйым салынған “Қазақстанның демократиялық таңдауы” және “Көше партиясы” ұйымдарының белсенді ретінде Әблязовтың пікірлеріне қосылған. ҰҚК қызметкерлері наурыздан бері осы қылмыстық топты анықтау үшін жұмыс істеді” дейді ҰҚК.

Шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Әблязов жұртты сайлау күні митингіге шығып, күш қолданбай әкімшілік ғимараттарға кіріп алуға шақырған. Әблязовтың өзі ҰҚК мәлімдемесіне қатысты пікір білдірген жоқ.

ҰҚК “күдіктілер жаппай тәртіпсіздік кезінде қару-жарақ пен “молотов коктейлін” қолдануды көздегенін” айтады.

“Топ 20 қараша күні өтетін кезектен тыс сайлауда дауыс беруді болдырмас үшін шабуыл жасамақ болған” дейді ҰҚК.

Комитет видеомәлімдемесінде “күдіктілердің жаппай тәртіпсіздікті жоспарлап отырған сәтін” де көрсетеді.

ҰҚК бұл мәлімдемесін сайлауға санаулы күн қалғанда жариялады. 20 қарашадағы сайлауға елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та түспек. Тоқаевтың бес қарсыласы да елге аса танымал емес. Сайлау алдында елдің түпкір-түпкірінде белсенділер ұсталып жатқаны да айтылды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз