Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі – деректер

0
682

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі Астана қаласында өтетін болып белгіленді. Президенттің бұл жобасын әлемнің беделді саясаткерлері К.Аннан, Дж.Буш, М.Тэтчер, Цзянь Цземинь, Н.Манделла, Ж.д Эстен, М.Горбачев  қолдады.

Елбасының идеясы бойынша барша адамзат арасында ынтымақтастық пен кең болашаққа жол ашып, заманымызда зорлық-зомбылық, фанатизм, экстремизм және терроризм сияқты теріс көріністерді болдырмауға септігін тигізеді деп сенген әлем және дәстүрлі дін басшылары арасындағы келіссөздер алғаш рет 2003 жылы өткізілген болатын.


Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алғашқы съезі 2003 жылы 23-24 қыркүйекте Астанада өтті. Форумға Еуропа, Азия, Африка мен Таяу Шығыстың 13 елінен ислам, христиан, буддизм, иудаизм, синтоизм, даосизм және басқа да конфессиялардың, 17 діни ұйымының өкілдері қатысты.

Форум қорытындысы бойынша Декларация қабылданып, онда рухани лидерлер адамзат үшін бейбітшілік пен алға жылжуды қамтамасыз ету және келешекте бейбітшілік негізі ретінде қоғамда тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша бірлесе атқаратын іс-әрекеттер туралы сөз қозғады.


ІІ съез 2006 жылдың 12-13 қыркүйек аралығында Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен «Бейбітшілік және келісім сарайында» өткен болатын. Съез «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» жалпы тақырыбымен, «Діни сенім еркіндігі және өзге дін өкілдеріне құрмет» және «Дін лидерлерінің халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ролі» деген екі бағытта өтті.


Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің ІІІ Съезі 2009 жылдың 1-2 шілдеcінде Астана қаласында (Қазақстан) өтті. Оған әлемдік діни конфессиялардың 60-тан астам делегациялары қатысты. Съезге қатысқан делегациялардың құрамында БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЮНЕСКО және басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері болған. Съезд барысында Ислам діні тарапынан Египет, Үндістан, Индонезия, Иран, Түркия, Ливия, БАӘ, Кувейт, Қытай, Ресей, Қырғызстан, АҚШ, Сауд Арабиясы және Пәкістан елдерінен Әл-Азхар университетінің Жоғарғы имамы Шейх Мұхаммед Саид Тантауи, Бүкіләлемдік Ислам Лигасының Бас хатшысы Шейх Абдалла Бен Абдель Мухсин Ат-Турки және Бүкіләлемдік Исламды уағыздау қауымдастығының Бас хатшысы Мұхаммед Ахмад аш-Шариф сынды белгілі дін тұлғалары қатысты. ІІІ съезде “Моральдық және діни құндылықтар”, “Сұхбат және ынтымақтастық”, “Пікірлестік әсіресе, дағдарыс кезіндегі пікірлестік” мәселелер қаралды.


IV-ші Съез 2012 жылдың 30-31 мамырында өтті. Форумның негізгі тақырыбы «Бейбітшілік пен келісім адамзаттың таңдауы» болып, онда 40 мемлекеттен 85 делегация қатысты.

Форум төрт секция отырысы бойынша өткен: 1) «Орнықты дамуға қол жеткізудегі діни көшбасшылардың рөлі». 2) «Дін және мультикультурализм». 3) «Дін және әйелдер: рухани құндылықтар мен заманауи талаптар». 4) «Дін және жастар».


2015 жылы 10-11 маусымда әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V съезі Астана қаласында өткізілді. Бұл іс-шараға 42 мемлекеттен 80-нен астам делегация келіп, БҰҰ Бас Хатшысы Пан Ги Мун, Иордания королі Абдалла ІІ, Финляндия Президенті Саули Ниинистелер қатысты. Форумның жұмысына аса бір өзектілік берілгендігі сол уақыттағы әлемнің әр түрлі нүктелерінде этникалық және діни қақтығыстардың өршіп тұруы мен әлемде геосаяси қысымның жоғарылауы болды.

Съездің басты тақырыбы «Бейбітшілік пен даму үшін диалог» болып белгіленді, себебі әлемде тыныштық пен келісімді орнатуға негізгі қадам – ымыраға келуге дайын болу. Съезд жұмысының қортындысына сәйкес қатысушылар тарапынан бірлескен декларация қабылданып, түрлі елдердің барлық саяси және діни қайраткерлеріне 21 ғасырдың сын-тегеуріндері мен қауіптеріне қарсы бірлесе қарсы тұру қажеттігі туралы үндеу жасалды.


Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі Діни форум «Діни көшбасшылар қауіпсіз әлем жолында» тақырыбымен қазан айының 10-11 жұлдызында Астанада өтеді. Әлемдік жоғары деңгейдегі дін басшылары форумына БҰҰ Бас хатшысы Антонио Антониу Гутерриш арнайы өкіл ретінде қатыспақ. Қазірдің өзінде 74 делегат Сьезге қатысатындарын растады, форумның Қорытынды декларациясы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезіне Рим папасы Францискті де шақырды.

Сонымен қоса, съезд аясында «Астана – бейбітшілік дауысы» халықаралық фестивалі өтеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз