Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады

0
54

Нұрсұлтан Назарбаев 15 желтоқсан елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты қабылдауға қатысты.

Мемлекет басшысы жиынға қатысушыларды және Қазақстан халқын ұлттық мерекеміз – Тәуелсіздік күнімен құттықтады, деп хабарлайды ҚР Президентінің баспасөз қызметі.

“Бұл күні уақыт өлшеміне бағына қоймайтын мақтаныш, қуаныш пен толқыныс өзара үйлесім тауып, ерекше сезімге бөлейді”,

– деді Қазақстан Президенті.

Елбасы тәуелсіздік жылдарында Қазақстан жылдам өсуге қол жеткізіп қана қоймай, алдағы уақытта орнықты даму үшін берік негіз қалағанын айтты.

“Бұған дейін тарихымызда болмаған кәсіпкерлер шоғыры қалыптасты. 1,2 миллионнан астам қазақстандық өзінің жеке кәсібін жүргізіп, барлық ұлттық кірістің төрттен бірін қамтамасыз етіп отыр”,

– деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасы келешектің инфрақұрылымдық дайындығын қамтамасыз еткен әрі дағдарысқа қарсы шешім болғанын атап өтті.

Ызғарлы жел соққанда, біз қоршау емес, жел диірмендер салдық. 7 жылдың ішінде өңдеу өнеркәсібінің жаңа 24 секторы пайда болды. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының тиімділігі нысандар санымен емес, тұтас салалар санымен өлшенеді,

– деді Елбасы.

Қазақстан Президенті мемлекеттің әлеуметтік функциясын нығайтудың кепіліне айналған экономикалық өзгерістердің табысты болғанына ерекше назар аударды.

Халқымыздың саны тарихымызда бірінші рет 18 миллионнан асты, бала туу көрсеткіші бір жарым есе өсті. Қазақстан биыл бастауыш білім беруді қамту ауқымы жөнінен әлем бойынша төртінші орынға шықты. Өмір сүру ұзақтығы 4,5 жылға өсіп, 72,5 жасты құрады. 1,1 миллионнан астам отбасы баспаналы болды,

– деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның халықаралық аренадағы жетістіктеріне жеке тоқталды.

Елордамызда халықаралық ЭКСПО көрмесі өткізілді. Биылдың өзінде Қазақстан дүние жүзілік Универсиаданы, Шанхай ынтымақтастық ұйымының тарихи саммитін, Ислам ынтымақтастығы ұйымының Ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитін, Сириядағы жағдайды бейбіт реттеуге арналған келіссөздерді өткізді. Ал 2018 жылғы қаңтар айында еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етеді,

– деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті қатысушылардың бәрін Тәуелсіздік күнімен тағы да құттықтап, саяси тұрақтылық, қоғам мен халқымыздың бірлігі үшін жүргізіліп жатқан саясатқа толық қолдау көрсету еліміздің табысты болуының басты кепілі екенін атап өтті.

 “Барлық бастамаларымды іске асыруға күш берген сенімдеріңіз үшін, шынайы қолдауларыңыз бен жанкешті күш-жігерлеріңіз үшін барша қазақстандықтарға алғыс айтамын”, 

– деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сабина Сайлаубай

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз