Оңтүстікте тағы бірнеше ауылды су алды

0
96

Түркістан облысы мен Шымкент қаласында бірнеше ауылды жауын-шашыннан су алып, тұрғындар эвакуацияланды. Бұл туралы облыс және қалалық төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

Түркістан облысы Төле би ауданының әкімі Бауыржан Омаровтың айтуынша, түстен кейін жауын жауып әуелі Қасқасу ауылындағы Қасқасу өзені арнасынан тасыған. Ауыл ішіндегі төрт көпірді су шайып, көшеге жайылған. Өзен суы Екпінді ауылына келіп, орталық көшелеріне кірген және Ленгер қаласының бірнеше көшесіне жеткен.

“Сұлтанадаб елдімекеніндегі жағдай күрделі. 150 үй тұратын көшені су алған. Жаңбырдың суы бірнеше аула мен үйге кірген. Көше тұрғындары Ленгер қаласындағы колледжге эвакуацияланып жатыр. Қанша үйді су алғанын анықтап жатырмыз” деді аудан әкімі 13 мамыр кешкісін.

Түркістан облысы әкімдігі облыстағы Төле би ауданынан бөлек Қазығұрт ауданындағы Жігерген ауылындағы 30 үйді жауынның суы басқанын хабарлады.

Ал 13 мамыр күні түнде Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті қаладағы Елтай ауылын Қасқасу өзенінен ағып келген су шайғанын мәлімдеді. 60 үйді су алып, үш жүзге жуық адам эвакуацияланғанын мәлімдеді. Департаменттің хабарлауынша, тұрғындардың бір бөлігі туған-туысқандарының үйін паналаса, бір бөлігі Тоғыс ауылындағы екі мектепке жеткізілген.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз