Қарағанды облысында шетелдік қуғын құрбандарына ескерткіш қойылды

0
165
Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағанды облысындағы Спасск мемориалдық кешенінде саяси қуғын-сүргін құрбандары – ирандықтар мен чехтарға ескерткіш белгі ашылды. Еске алу шарасына облыс әкімі Ерлан Қошанов, бірнеше мемлекеттердің: Иран, Чехия, Венгрия, Румыния, Финляндияның дипломатиялық миссия басшылары, сондай-ақ Украина елшілігі мен Сыртқы істер министрлігінің өкілдері қатысты, деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі.

«Өткенді түзей алмаймыз, алайда бүгін басты байлық адам мен оның құқығы екенін ескере, бейбітшілік және келісімде өмір сүру қажет», – деген облыс әкімі Е. Қошанов қуғын-сүргін кезеңі тек қана жеке тұлғалардың ғана емес, сонымен қатар жалпы халықтың тағдырына балта шапқандығын ойға алды.

Шара барысында сондай-ақ қуғын-сүргін құрбанының ұлы Борис Макаров сөз алды. Ол өз отбасының тарихын баяндап, туған жерінен қуылған азаматтарға қазақ жері баспана болғандығын, сондай-ақ қиын кезеңді бастан өткерген қуғындағыларға қазақ халқының көрсеткен қамқорлығы үшін алғысын білідрді.

Еске алу шарасынан кейін мұсылман, православ және католик дін басыларының қатысуымен жаңа екі: қуғын-сүргін құрбандары – ирандықтар мен чехтарға ескерткіш белгілер ашылды.

Өз кезегінде Иран Ислам Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Моджтаба Дамирчилу сөз алып, сол өткен замандарда Қазақстанға барлық Кеңес одағы мен шекаралық аумақтардан ирандықтардың жөнелтілгендігін, ал қазіргі уақытта Қазақстанда бес мыңға жуық ирандық өмір сүретінін атап өтті.

Чех және иран ескерткіш белгілерінде символдық ағаш – жөке ағашы сенім мен үміт белгісі ретінде қойылған.

Чехияның Төтенше және өкілетті елшісі Элишка Жигова «Бүгін біз туған жерлерінен жазықсыз қуылған чех азаматтары алдындағы өз борышымызды орындап отырмыз. Біздің мұрағаттық мәліметтеріміз бойынша, бұрынғы Чехословакияның 25 мыңнан астам азаматы кеңестік қуғын-сүргін лагерлеріне жөнелтілген, олардың арасында чехтар, словакия азаматтары, еврейлер, венгриялықтар мен немістер бар», – дейді.


Спасск мемориалдық кешені әскери тұтқындар жерленген жерде орналасқан. Спасск ауылында 1930-50-ші жылдары КСРО ІІМ -Ішкі істер халық комиссариатының бөлімшесі, сондай-ақ әскери тұтқындар жер аударылған шетелдік азаматтардың лагері орналасқан. Мұрағат деректері бойынша, бұл жерде 50-ден астам ұлттың бес мыңға жуық тұтқындары жерленген.
Спасск мемориалдық кешенінде алғашқы естелік белгісі 1987 жылдан бастап орнатыла бастаған. Қазір олардың саны 28.

Бүгін қуғын-сүргін құрбандарын аза тұту күні. 1997 жылы президенттің жарлығымен 31-ші мамыр қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп белгіленді.

 

 

 

Сафина Саид

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз