Ресейде деректі фильм түсіріп жүрген екі журналист ұсталды. Біреуі – Қазақстан азаматы

0
500
GZT басылымының редакторлары Назгүл Кенжетай мен Эмин Карачак.

Ресейдің Хакасия аймағында түркі халықтарының өмірі жайлы деректі фильм түсіріп жүрген GZT басылымының редакторлары Назгүл Кенжетай мен Эмин Карачак 16 желтоқсанда ұсталды. Бұл туралы Түркияның мемлекеттік Anadolu агенттігі хабарлады.

Журналистерді экстремизммен күрес бөлімінің қызметкерлері ұстаған: олардың заттары кәмпескеленіп, түсірген барлық материалы жойылған. Қазір екеуі Абакандағы уақытша қамау орнында отыр, жақын арада депортацияланады.

Кенжетайдың сөзіне қарағанда, оны Красноярск арқылы Қазақстанға, әріптесін Түркияға жібереді. Алайда екі тілшінің сөзіне қарағанда, билік олардың депортациясын кешіктіріп жатыр. Журналистердің айтуынша, Абакандағы камера іші суық, изоляторда жылы су жоқ, олар күніне екі рет қана таза ауаға шыға алады. Ал олардың телефоны үнемі бақылауда. Камерада сонымен бірге видеобақылау да жоқ.

Назгүл Кенжетай Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен.

Назгүл Кенжетай – Түркияда тұратын Қазақстан азаматы, Түрік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Қазақстанда Таяу Шығыстағы қақтығыс орындарынан фоторепортаж топтамасын әзірлегені үшін “Қазақстанның жаңа жүз есімі” ұлттық жобасына енген. Ол Хакасияға барғанға дейін Эмин Карачакпен бірге Якутия, Бурятия және Алтайдағы түркі халықтарының өмірінен бірнеше бағдарлама түсірген.

“Сибирь.Реалии” сайтының жазуынша, 17 желтоқсанда Абакан қалалық соты Кенжетай мен Карачакты Ресейге кіру ережесін екі рет бұзды деп таныған. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, блогерлер ақпарат құралдарына видео түсіргенмен Хакасияда аккредитациясыз жұмыс істеген: сол үшін оларға 5 мың рубль көлемінде айыппұл салынған. Бұған дейін олар Якутияда да дәл осылайша айыпталып, айыппұл алған.

Түріктің мемлекеттік агенттігі Ресей ақпарат құралдары “Кенжетай мен Карачак тыңшылықпен айналысып, Ресейге қарсы үгіт-насихат жүргізді, түркі халықтары Ресейде нашар жағдайда өмір сүріп жатыр деп көрсеткісі келеді және исламды таратып жүр” деп негізсіз айыптап, ақпарат таратқан. Алайда Хакасиядағы түркілер “түрік журналистерінің қиын жағдайда қамауда отырғанын көріп, оларға тамақ пен су апарып жатыр” деп жазды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз