Сағынтаев Елбасының тапсырмасымен Қостанай облысына барды

0
82

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қостанай облысына жұмыс сапарымен келді. Басты назарда — жақында Президент жария түрде қол қойған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды талқылау.

Қостанайға сапары барысында Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған «Қостанай» жаңа спорттық–ойын-сауық кешеніне барды.

Кешен волейбол, баскетбол, шағын футбол, гандбол секілді спорттық ойындар бойынша оқу-жаттығу сабақтарын және республикалық жарыстарды өткізуге, сондай-ақ мәдени–бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға арналған.

Аралау барысында Премьер-Министрге Қостанай облысындағы МЖӘ жобаларының ағымдағы жағдайы туралы ақпарат берілді. Қазіргі таңда өңірде 65 МЖӘ жобасы іске асырылу және жоспарлау сатысында тұр, 20 жоба бойынша келісімшарттар жасалған, 39-ы — конкурс сатысында және 6 жоба бойынша құжаттама дайындалып жатыр.

Елімізде жалпы инвестициялар сомасы 782,6 млрд теңгеге 221 объект бойынша 215 МЖӘ келісімшарты жасалған. Барлығы жалпы сомасы 2,5 трлн теңге болатын 994 жоба орындалудың түрлі сатыларында тұр.

Қостанай облысына жұмыс сапары аясында бірқатар өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарды аралау жоспарланған, мұнда ҚР Премьер-Министрі өңірде Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауларының, «Бес әлеуметтік бастамасының», сондай-ақ «Нұрлы Жер», Агроөнеркәсіп кешенін дамыту, «Цифрлық Қазақстан», «Серпін» мемлекеттік және салалық бағдарламаларының іске асырылу қарқынымен танысады.


Айта кетейік, Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан өңірлерін жұмыс сапарымен аралап жүр. Бұған дейін Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Атырау облыстарында жұмыс сапарымен болып қайтқан еді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз