Шымкентте «OntustikTourism. Invest 2017» форумы өтуде

0
54

Бүгін тұңғыш рет Оңтүстік Қазақстан облысында «Қазақстанның Ұлы Жібек жолы арқылы саяхат» Халықаралық конференциясы аясында «OntustikTourism. Invest 2017» екі күндік туристік, инвестициялық форумы бастау алды.

Форум жұмысына ҚХР Мемлекеттік туризм басқармасы төрағасының орынбасары Ду Цзянь, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің төрағасы М.Мұрзамадиева, «KazakhTourizm» ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Р. Күзембаев, сондай-ақ «Атамекен» ғылыми-өндірістік кәсіпорыны, халықаралық және қазақстандық, инвестициялық компаниялар, туристік ұйымдар өкілдері, БАҚ өкілдері, жалпы 500 -дей адам қатысты, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев өзінің құттықтау сөзінде Оңтүстік Қазақстан облысы – экономикалық әлеуеті жоғары қарқынды дамып келе жатқан өңір екенін атап өтті.

«Облыс Орталық Азия, Таяу Шығыс және Еуропаны байланыстыратын жолдардың қиылысында орналасқан. Нәтижесінде экспорт және шекара саудасы дамуда, біздің облыстың туристік тартымдылығы артып, туристер саны жыл сайын артып келеді. Сонымен қатар, біздің өңіріміздің оң инвестициялық имиджі қалыптасып келе жатыр. Өткен жылмен салыстырғанда туристік объектілердің саны 31% -ға артып, 195-ге жетті. 1,7 млрд. теңге көлемінде қызмет көрсетіліп, ал қызмет көрсету көлемі 43% -ға артты.  Нәтижесінде, Оңтүстік Қазақстанға жыл басынан 128 мың турист сапарлап келген.  Өткен жылмен салыстырғанда 55 пайызға өскен», – деп мәлімдеді облыс әкімі Ж. Түймебаев.

Баспасөз мәліметінше, Оңтүстік өңірде бұдан өзге ішкі туризмді дамытуға көп көңіл бөлінген. Туристерге жайлы жағдай жасау үшін 1-2-3 күндізгі туристік маршруттары жасалды. Оларға 84 тарихи, мәдени және табиғи алаңдар кіреді. Жалпы, оңтүстік өңірінде 800 астам тарихи және мәдени ескерткіштер бар. Сондай-ақ, Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі Сауран, Отырар, Оқсыз, Испиджаб сияқты ірі ортағасырлық қалалар аталған өңірде орналасқан.

Атап өтерлігі, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі ұйымдастырған іс-шара аясында туризм саласындағы перспективалық жобаларды көрсету және оларды жүзеге асыру бойынша таныстырылымдар, «ZhibekZholy. Kazakhstan», Қазақстан Жібек жолына арналған «SilkRoadFair» туристік жәрмеңкесі өткізіледі. Форум қатысушылары B2B кездесулеріне қатысып, отандық және халықаралық сарапшылармен туризмнің дамуын талқылайды.

Сабина Сайлаубай

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз