Тоқаев РФ-ның Қазақстандағы елшісін қабылдады

0
41

21 желтоқсанда ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Михаил Бочарниковты дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты қабылдады.

Сенат Төрағасы Ресей Елшісіне көптеген жылдар бойы жемісті еңбек етіп, елдеріміз арасындағы достық байланыстарды нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін алғысын білдірді, деп хабарлайды ҚР Сенатының баспасөз қызметі.

Қ.Тоқаев екіжақты стратегиялық әріптестіктің тиімді сипатын және Қазақстанның оны одан әрі тереңдетуге деген бейілділігін атап өтті.

Сенат Төрағасының айтуынша, Қазақстан-Ресей қатынастары халықаралық саясаттың маңызды оң факторы және ол ТМД кеңістігінде стратегиялық рөл атқарады.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Ресейдің парламентаралық өзара іс-қимылының белсенділігін қанағаттанушылықпен атап өтті, депутаттардың екіжақты және көпжақты форматтардағы байланыстары мен кездесулерінің жоғары қарқынын алға тартты.

Бұдан өзге сауда-экономикалық, өңіраралық және шекаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Ресей елшісі Н. Назарбаев ұсынған Еуразиялық Экономикалық Одақ идеясы өз жемісін бере бастағанын және сауда қарқыны өсіп, интеграциялық байланыстардың нығайғанын атап өтті.

Тараптар Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне алдағы төрағалығына байланысты оқиғаларға назар аударды.

Кездесу соңында Қ.Тоқаев М.Бочарниковты Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Құрмет грамотасымен марапаттады.

Сабина Сайлаубай

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз