Тоқаев: Қырғызстан мен Тәжікстанға бес мың тоннадан ұн беріледі

0
77
Photo: akorda.kz

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас Қырғызстан мен Тәжікстанға әлемдегі төтенше жағдайға орай көмек көрсететінін айтты. Президент Тоқаев бұл туралы 10 сәуір күні “СОVID-19 пандемиясымен күресудегі ниеттестік және ынтымақтастық” тақырыбында Түркі тілдес мемлекеттердің басшыларының қатысуымен өткен бейнесаммите айтты.

“Мемлекет басшысы COVID-19 пандемиясы жағдайында еліміз үшін бауырлас мемлекеттердің азаматтарына барынша қолғабыс көрсететудің маңыздылығын айта келе, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қырғызстан мен Тәжікстанға (әр елге 5 мың тоннадан ұн беріледі) қолдау көрсетілетіні туралы айтты”, – делінген Ақорда сайты таратқан ақпаратта.

Бейнежиынға президент Тоқаевтан басқа Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Түрікменстан президенттері мен Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус қатысқан.

Жиынның күнтәртібінде тәжірибе алмасу, сауда және транзит-көліктік байланыстардың үзіліп қалмауын қамтамасыз ету, денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты күшейту және ТТМЫК-ға қатысушы елдердегі азаматтарға өзара көмек көрсету мәселелері талқыланған.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі дағдарыстан кейін бүкіл әлем бойынша мүлдем басқа экономика қалыптасатыны туралы ой білдірген.

“Қазірдің өзінде экономика жедел түрде цифрлық платформаға көшірілуде. Халықаралық сарапшылардың болжамына сәйкес 2023 жылы әлемде электрондық коммерция нарығы 2,8 триллион долларға дейін өседі. Соған дайын болу – болашақта тұрақты дамудың және бәсекеге қабілетті болудың кепілі, – деді Тоқаев.

Бейнесаммит соңында мемлекет басшылары бірлескен Декларация қабылдаған. 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз