4 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонды қабылдады. Екіжақ кездесу кезінде бірнеше құжатқа қол қойды, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі.
Тәжікстан Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында мынадай құжаттарға қол қойылды:
1. Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы одақтастық өзара іс-қимыл туралы декларациясы;
2. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен Тәжікстан Республикасы Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер орталығы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
3. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі жанындағы Кеден қызметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасында өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары туралы алдын ала мәліметтер алмасуды ұйымдастыру туралы хаттама;
4. Түркістан (Қазақстан Республикасы) және Худжанд (Тәжікстан Республикасы) қалалары арасында Бауырластық қатынастар орнату туралы меморандум;
5. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі жанындағы туризмді дамыту комитеті арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық туралы жол картасы;
6. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Тәжікстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы 2023-2025 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі жол картасы;
7. Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Тәжікстан Республикасының Өнеркәсіп және жаңа технологиялар министрлігі арасындағы 2023-2024 жылдарға арналған өнеркәсіп және инновациялар саласындағы өзара іс-қимылдың бірлескен жоспары;
8. Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі жанындағы экспорт агенттігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
9. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Тәжікстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2023-2025 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы.
Қос президенті кездесу кезінде екі ел арасында жыл сайынғы тауар айналымы алдағы уақытта 2 миллиард долларға жеткізу жөнінде уағдаласқандарын мәлімдеді. Былтыр бұл цифра шамамен 1,5 миллиард долларға жетіп, 20 пайызға артқан. Бүгінде Қазақстан Тәжікстанның сауда серіктестерінің арасында екінші орында тұр.
Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан айрықша үлесі үшін Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонды еліміздің ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Эмомали Рахмонмен шағын құрамда келіссөз барысында ілтипат білдіре отырып, Тәжікстан Қазақстанның сенімді стратегиялық серіктесі, сондай-ақ бауырлас әрі жақын мемлекет екенін атап өтті.
«Бізді ежелден ортақ тарих, мәдени және рухани құндылықтар тығыз байланыстырады. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығында Одақтастық өзара іс-қимыл туралы декларацияға қол қойып отырмыз. Мұның символдық мәні бар. Бұл құжат өте маңызды әрі болашаққа арналған. Сондай-ақ біздің мемлекеттеріміздің ұлттық мүдделеріне толық сай келеді. Бұл бағытта арамызда ешқандай күмәнді мәселе жоқ. Қазақстан мен Тәжікстан сауда-экономикалық ынтымақтастықты белсенді дамытып келеді. Ұзақ жылдардан бері Қазақстан – Тәжікстанның екінші ірі сауда серіктесі. Тек былтырдың өзінде екіжақты сауда айналымы 18,5 пайызға артып, 1,4 миллиард долларға жетті. Қазіргі жағдайда бұл – жақсы нәтиже. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және басқа да салалардағы бірқатар экономикалық жоба жүзегее асырылу сатысында тұр. Сіздің сапарыңыз аясында экономиканың түрлі секторындағы өзара іс-әрекетті одан әрі кеңейтуге бағытталған жаңа келісімдердің маңызды топтамасына қол қойылады», – деді Қазақстан Президенті.
Ал, Эмомали Рахмон Астанаға мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны және қазақ халқының дәстүрлі қонақжайлығы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Сондай-ақ ол шағын құрамдағы келіссөздің нәтижелі болғанын және бірлескен жобаларды жүзеге асыру маңызды екенін атап өтті.
«Тәжікстан мен Қазақстан –стратегиялық әріптестер, біздің қарым-қатынастарымыз тұрақты түрде дамып келеді. Біз оны одан әрі нығайтуға үлкен мән береміз. Қазақстан бүгінде басты сауда серіктестеріміздің арасында екінші орында. Былтырғы тауар айналымының өсімі 20 пайыздан асты. Біз басқа салаларда да қарқынды диалог жүргіземіз. Сізбен елдеріміздің әлеуметтік-экономикалық даму перспективаларын, сондай-ақ халықаралық және өңірлік мәселелерді талқылауға дайынмын. Сізді және барша Қазақстан халқын Парламент сайлауының сәтті өтуімен құттықтаймын. Сізге алдағы уақытта бауырлас Қазақстанның дамуына бағытталған реформаларды жүзеге асыруда табыс тілеймін. Біз тұрақты байланыстар мен жоғары деңгейдегі ұзақмерзімді саяси диалогтың игі дәстүрлерін сақтап, одан әрі кеңейтеміз. Мен достық қарым-қатынасымызды бағалаймын», – деді Тәжікстан Президенті.