Париж Құдай анасы шіркеуін алапат өрттен кейін қайта қалыпқа келтіру үшін бірқатар ұйымдар, компаниялар мен меценаттар қаржы бөледі.
Француз мұра қорының өкілі 16 сәуірге қараған түні Париждің басты символдарының бірін қайта қалыпқа келтіру үшін қаражат жинаудан ұлттық науқан басталғанын хабарлады. Бұл туралы Deutschwelle неміс ақпарат агенттігі хабарлайды.
Францияның ең бай азаматтарының бірі – Kering компаниясының атқарушы директоры – Gucci және Yves Saint Laurent брендтеріне ие Франсуа Анри Пино шіркеуді жөндеуге 100 млн еуродан аз қаражат бөлмейтінін мәлім етті.
Неміс саясаткері, Христиан-демократиялық одағы партиясының мүшесі Фридрих Мерц (Friedrich Merz) өз кезегінде аталған мақсатта Германияда қаражат жиналу үшін “азаматтық бастама” құру қажеттігін хабарлады.
Өрт ауыздықталды
#BREAKING: Shot taken from a drone flying above #notredame pic.twitter.com/JQmFF1xImV
— Amichai Stein (@AmichaiStein1) April 15, 2019
Сейсенбі таңертең Париждің төтенше жағдайлар қызметі өрттің “толықтай бақылауға алынғанын” әрі “көп бөлігінің ауыздықталғанын”, “кей тұстарында ғана жанып жатқандығын” хабарлады.
Мұнараның басты фасады мен қоңырауын сақтап қалу мүмкін болды. Шатыры бөлініп жерге түскен еді, айналасында 12 апостол мен төрт қанатты тетраморфтан тұратын мүсіндер тобы орналасқан сағат сынып түсті. Дегенмен, олар өрт қатты белең алғанға дейін қайта жөндеуге жіберілді.
“Бәріміз Нотр-Дамды қалыпқа келтіреміз” – Макрон
Париж прокуратурасы “қасақана жасалмаған залал” бабы бойынша тергеу ісін бастады. Өрттің қасақана қойылуына қатысты дерек жоқ.
Оқиға орнына сейсенбіде таңертең келіп жеткен президент Э.Макрон “жағдайдың ушықпағанын” жеткізіп, “бәріміз Нотр-Дамды қалыпқа келтіреміз. Бұл {…} ұзақ жылдар қатарынан жалғасатын жоба болады”, – деп мәлімдеді.
“Париж ұсқынсыз кейіпке енді, ол енді бұрынғыдай болмайды”
Сенаның жағалауы мен көпірден шіркеудегі өрттің сөндірілуін мыңдаған қала тұрғындары мен қонақтары бақылады. Олардың кейбіреуі көзіне жас алса, кейбіреуі дұға етті, біреулер Ave Maria-ны шырқады. “Париж ұсқынсыз кейіпке енді, ол енді бұрынғыдай болмайды”, – деп келтіреді бір куәгердің сөзін AFP.
Париж Құдай анасы шіркеуінің өртке оранғаны туралы хабар жергілікті уақыт бойынша сағат 18.50-де келіп түсті. Француз ІІМ таратқан ақпарға сәйкес оқиға орнына 400-ге жуық өрт сөндіруші келген. Жоғарыдан тікұшақ арқылы ғимартқа су құю тарихи ескерткіштерге зақым келтіретіндіктен, өртті сөндіру одан сайын қиындай түскен. Арнайы операция барысында бір өрт сөндіруші зардап шеккен.
Нотр Дам немесе Париж Құдай анасының шіркеуі – француз астанасының ең негізгі символдарының бірі. Құрылысы 1163 жылдан 1345 жылға дейін жалғасқан. Танымал ғимараттың сәулетінің бой түзуіне Виктор Гюгоның 1831 жылы жазылған романы ықпал еткен. Жыл сайын ғимаратты шамамен 13 млн адам келіп тамашалаған. Шіркеуде Христиан жәдігерінің бірі – Иссус Христостың тікенді тәжі сақталған, жәдігерді өрттен сақтау мүмкін болды.
Safina Said