2018 жылы қанша қазақстандық елден кеткен?

0
91
дереккөзден

Қазақстандықтар шетелге жоғары еңбекақы төлейтін жұмыс іздеп, қолжетімді білім алу үшін кетеді. Өткен жылдың өзінде елден шамамен 40 мың адам кеткен. Бұл туралы есеп Комитеті мәлімдеді деп хабарлайды “Almaty” телеарнасы.

Өз кезегінде бұған дейін Ішкі істер министрлігі аталған мәліметті жоққа шығарған. Шетел көңілінен шықпаған отандастар елге оралады екен.

Бұрын Павлодардағы ЖОО-ның бірінің студенті болған, қазір Америкадағы компьютерлік қауіпсіздік компаниясының жетекші маманы Әйгерім Сеңгірбаеваның мұхит асқанына осы жылы 8 сегіз жыл толады. АҚШ-қа бойжеткен бастапқыда үш айға барған. Сол жақта білім грантын ұтып алып, жұмыс тауып, тұрақтап қалған.

“Бір жыл бұрын Аutodesk компаниясына жұмысқа орналастым. Онда менеджер болып жұмыс істеймін. Маған өте қатты ұнайды, елге оралу әзірге жоспарымда жоқ. Тағы бірнеше жыл АҚШ-та тұрғым келеді, кейін көре жатармыз. Стэнфорд университетіне түсуді жоспарлап жүрмін. Бұл технология бойынша Америкада, жалпы әлемдегі жетекші оқу орны. Аяқтағаннан кейін елге оралуға дайынмын ба, ол жағын көрерміз”, – дейді Әйгерім.

Хирург-онколог Алтай Керімқұлов та Америкаға кеткен. Жігіт екі жыл Америкада тұрған.  Бірақ әдемі өмір үшін емес, білім алуға жол тартқан. Екі жыл бойы Алтай Питтсбург университетінде іс-тәжірибеден өткен. Қазір Астанадағы онкология және трансплантология Ұлттық орталығының жетекші маманы. Жаңа технологияларды қолдану арқылы қатерлі ісіктің алдын алуға қатысты күрделі операциялар жасайды.

“АҚШ – дамыған мемлекет. Барлық тұрғыда көш бастап тұр. Әлбетте, әлеуметтік жағдай да ол жақта жақсы. Онда адамдарға керектінің бәрі бар. Дегенмен әр мемлекеттің өзінің оң және теріс тұстары болады. Мен өз елімнің елжанды азаматымын, Отаныма қайтып, біздің медицинаны дамытуды қаладым”, – дейді Алтай.

Есеп Комитеті не дейді?

Есеп Комитетінің ақпарына сәйкес, 2018 жылы АҚШ-тан 94 қазақстандық қайтып оралса, 328-і тұрақтап қалған. Қазақстандықтардың басым көбі Германияны, Израиль, Оңтүстік Корея, Канаданы қолай көреді.

“Қазақстандықтардың басым бөлігі – 88,1 % Ресейге кеткен, 6,3 % Германияға жол тартқан. Аймақтар бойынша қарар болсақ, Ресейге Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарынан барады, Германияға Қарағанды облысынан кетеді. Елге қайтып оралғандар турасында сөз қозғар болсақ, көбіне тұрақты өмір сүруге Өзбекстаннан – 33,7 %, Ресейден – 30,9%, Қытайдан – 11,1 % адам келеді”, – деп мәлімдейді ұлттық экономика министрлігі есеп Комитетінің сарапшысы Әсем Алдоңғарқызы.

Әлеуметтанушылар не дейді?

Қазақстандықтардың шетелге жол тартуына басты себеп әлеуметтанушылардың пікірінше – қаржылық жағдайын жақсарту ниеті мен сапалы білім алу.

“Көбіне қазақстандықтар шетелге үй алып, өзінің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында кетеді. Көбі балаларының жақсы өмір сүргенін қалайды. Екіншіден, тіл меңгеріп, білімін шетелде жалғастыру мақсаты. Үшіншіден, шетелге Қазақстанда өзін жан-жақты қырынан ашып көрсете алмағандар кетеді. Олардың басым көбі қаражат табуды көздейді. Кейбіреулері шетелде жұмыс тауып, отбасын асырау мақсатымен кетеді”- дейді әлеуметтанушы Эльмира Отар.

 

Safina Said

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз