Журналист Қуандық Шамахайұлы қайтыс болды

0
1874
Қуандық Шамахайұлы. Photo: Facebook

29 маусым күні 59 жастағы журналист Қуандық Шамахайұлы қайтыс болды. Бұл туралы Азаттық сайты хабарлады. 

Туыстарының айтуынша,  журналист өкпесі қабынып, өткен аптаның басында Нұр-Сұлтан қаласындағы ауруханаға жатқан. Содан бері жағдайы жақсарып, жазылуға жақын қалған.

Журналистің өзі таңғы 6:00 шамасында Facebook парақшасында қаладағы №1 аурухананың коронавирус жұқтырғандар палатасында емделіп жатқанын, түн ортасында медицина қызметкерлері келіп, белгісіз бір қағазға қол қойғызып, дәрі бергенін жазып, содан күдіктеніп отырғанын айтты.

“Кешеден бері дəрігерлер COVID-19 ауруына тексеріс жасаймыз десіп жүрген. Шырт ұйқыда жатыр едім, сағат 2:00-де дəрігер мен мейіргер келіп, қағазға қол қойдырды да кетті. Сəлден кейін мейіргер келіп, аузыма бір ақ дəрі салды да, су ішкізді. Менен басқасына бермеген. “Не зат?” десем вирустан сақтайды дейді. Қастандық деп күмəнданамын. 3 литр су іштім. Неге маған арнаған? Əреккеттері күмəнді. Ештеңе түсіндірмейді” деп жазды Шамахайұлы Facebook-те.

Ұлы Берік Қуандықұлының айтуынша, журналист ауруханаға 23 маусым күні жатқан.

– Палатада жатты, жасанды желдету аппаратына қосылған жоқ. Кеше жағдайым жақсы, температура жоқ, тәбетім ашылды деп өзі айтты, – деді ол.

Туыстары оңалып келе жатқан Қуандық Шамахайұлының кенет қайтыс болғанына күмәнмен қарап отыр. Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеме дайындап жатқанын хабарлады.

Қуандық Шамахайұлы – Қазақстанның мәдениет қайраткері әрі филология ғылымының кандидаты. Ол 1961 жылы Моңғолияда туған. Сол елдің мемлекеттік университетінде журналистика мамандығы бойынша білім алып, көркем аудармамен айналысқан. Журналист билікке қатысты сыни көзқарастарын ашық білдірумен танымал.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз