Президент Тоқаев үкіметке қатаң карантинді қайтаруды тапсырды

0
82
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Photo: akorda.kz

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 маусымда үкімет мүшелеріне екі күннің ішінде елде қатаң карантин шараларын енгізу туралы нақты жоспар ұсынуды тапсырды. Оның сөзінше, елде төтенше жағдай аяқталғалы, 11 мамырдан бері елде коронавирус жұқтырғандар жеті есе өскен.

“Мемлекеттік комиссияға елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін екі күннің ішінде наурыз-мамыр айындағыдай қатаң карантин шарасын енгізу бойынша ұсыныс дайындауды тапсырамын” деді Тоқаев.

Жиында Тоқаев “үкімет коронавируспен күресте мен берген тапсырма толық орындалмады” деп індетпен күрес үшін құрылған комиссияны, денсаулық сақтау министрлігін, Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы және Шымкент, Ақтөбе, Павлодар облысы әкімдеріне сөгіс берді.

Президент Тоқаев “шенеуніктер төтенше жағдай режимінен тыс жұмысты дұрыс жоспарламаған” деп санайды. Ол қажетсіз шараларға ақша бөлуді доғарып, ақшаны вируспен күресуге жұмсауды тапсырды. Тоқаев инфекциялық ауруханалардағы орынды 50 пайызға өсіруді жүктеді.

Билік елде 13 наурызда коронавирус алғаш табылды деп хабарлаған соң, 16 наурызда ТЖ жариялаған. ТЖ режимі 11 мамырда аяқталып, карантин шаралары жеңілдей бастады. Билік төтенше жағдай кезінде коронавирус пен экономикалық дағдарысты еңсеру үшін бюджеттен 10 млрд доллар бөлген. Үкімет бұл қаржының қалай жұмсалғаны жайлы толық есеп берген жоқ. Бюджет ашықтығын зерттеп жүрген ұйымдар билікті ашықтыққа шақырған.

Пандемия басталғалы Қазақстанда 37 966 адамнан коронавирус анықталған. Билік 3 маусымнан бастап вирус жұқтырғандарды ауру белгілерінің бар-жоғына байланысты “ауырғандар” және “тасымалдаушылар” деп екі бөлек санап отыр. Ал негізгі статистикаға тек “ауырғандар” кіріп отыр. 29 маусымдағы ресми дерек бойынша, Қазақстанда “ауырғандар” саны – 21327, “тасымалдаушылар” саны – 16639. 183 адам коронавирустан қайтыс болды. Жүздеген адам пневмониядан көз жұмды. Алматы мен Нұр-Сұлтанда инфекциялық стационарлардың 90 пайызы толған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз