Қазақстандық алты боксшы олимпиадаға жолдама алды

0
428
Қазақстан боксшысы Бекзат Нұрдәулетов әлем чемпионатында. Екатеринбург, 20 қыркүйек 2019 жыл.

Иорданияда өтіп жатқан бокстан Токио олимпиадасына іріктеу жарысында қазақстандық алты боксшысы олимпиадаға жолдама алды.

2019 жылғы әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов (81 кг), Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит (91 кг) және былтырғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Абылайхан Жүсіпов (69 кг), Әбілхан Аманқұл (75 кг), Қамшыбек Қонқабаев (+91 кг) және Надежда Рябец (әйелдер боксы, 75 кг) биылға жоспарланған олимпиадаға қатысады.

Алты боксшы да іріктеу жарысының жартылай финалына шықты. Іріктеу ережесіне сай, төрттікке енген боксшылар олимпиада жолдамасын алады.

Нұрдәулетов ширек финалда тәжікстандық Шаббоз Негматуллаевты, Левит тәжікстандық Давлат Болтаевты, Жүсіпов таиландық Вуттучай Масукті, Аманқұл өзбекстандық Фанат Кахрамоновты, Қонқабаев қытайлық Маймайити Айемаитиді, Рябец вьетнамдық Ти Хуон Нгуйенді жеңді.

9 наурызда Қазақстанның тағы үш боксшысы олимпиада жолдамасына таласады.

Бокстан іріктеу жарысы ақпанда Қытайдың Ухань қаласында өтуі тиіс еді. Бірақ коронавирустың кесірінен Амманға ауысты.

Іріктеу жарысын Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) өзі ұйымдастырып жатыр. ХОК Халықаралық бокс қауымдастығына (AIBA) санкция салған. Санкцияға бокстағы төрешілер дауы, қаржы мәселесі, жемқорлық себеп болған.

Токио олимпиадасы биыл 24 шілде 9 тамыз аралығына жоспарланған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз