Роналдудың хет-тригі “Ювентусты” ширек финалға шығарды

0
16
Криштиану Роналду

12 наурызда Италияның “Ювентус” командасы Турин қаласында өткен 1/8 финалдың қарымта матчында Испанияның “Атлетико Мадрид” командасын 3:0 есебімен жеңіп, Чемпиондар лигасының ширек финалына шықты. Матчтағы үш голды да португалиялық ойыншы Криштиану Роналду салды.

Роналду – UEFA (Еуропа футбол қауымдастығы) ұйымдастырған клубтар арасындағы жарыстарда 125-голын соқты. Бұл – әлемдік рекорд.

21 ақпанда екі команда арасында Мадридте өткен алғашқы матчта 2:0 есебімен “Атлетико” жеңген. Қос матчтың қорытындысы бойынша 3:2 есебімен “Ювентус” басым түсіп, ширек финалға шықты. 

12 наурызда Чемпиондар лигасының 1/8 финалында англиялық “Манчестер Сити” өз алаңында германиялық “Шальке” командасын 7:0 (бірінші матч – 3:2) есебімен жеңіп, ширек финалға өтті. 

Чемпиондар лигасының ширек финалына “Ювентус” пен “Манчестер Ситиден” бөлек “Манчестер Юнайтед” (Англия), “Тоттенхэм” (Англия), “Порту” (Португалия) және “Аякс” (Голландия) командалары шыққан. 

Ширек финалда ойнайтын қалған екі команда “Лион” (Франция) – “Барселона” (Испания) және “Ливерпуль” (Англия) – “Бавария” (Германия) арасындағы матчта анықталады. Екі ойын 13 наурызда өтеді. Бұл командалар арасындағы алғашқы матч 0:0 есебімен тең аяқталған. 

2018 жылы Чемпиондар лигасында жеңіске жеткен испаниялық “Реал Мадрид” 1/8 финалда “Аякс” командасынан жеңіліп, жарыстан шығып қалды. 

Чемпиондар лигасы – UEFA (Еуропа футбол қауымдастығы) құрамына енетін елдердің клубтары қатысатын әлемдегі ең ірі футбол жарыстарының бірі. Коммерциялық жарысқа UEFA ұйымына мүше елдердің чемпионатында жеңген және жүлде алған командалар қатысады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз