Қырғызстанның жаңа премьер-министрі кортежден бас тартты

0
122
премьер-министр кортежі (kaktus.media)

Қырғызстанда жаңадан тағайындалған үкімет басшысы Мұхаммедқали Әбілғазиев кортежден бас тартып, жолдарды бөгеуге тыйым салды. Бұл туралы 24.kg сайты хабарлайды.

Сайттың куәгерлерге сүйене отырып жариялаған хабарын негізге алсақ, Әбілғазиев мінген автокөлік жұмыс орнына кортежсіз жеткен.

Қырғыз масс-медиа құралдарының премьер-министрдің канцеляриясынан алған ақпарына сүйенсек, Әбілғазиев өткен сенбі күні Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жаңадан тағайындалған басшысы Ідіріс Қарақұловты танытқанда, қауіпсіздік қызметінің жаңа басшысынан артық оққағарлар мен автокөліктерден тұратын кортежді алып тастауды талап еткен.

Премьер-министрдің баспасөз қызметі болса, Әбілғазиев мінген автокөлік жүрген көшелердің бөгелмегенін растады.

Осыдан алдын Қырғызстанның жаңа президенті Сооронбай Жеенбеков те қызметіне кірісерде, жұмыс орнында кеш дегенде таңғы сағат 08:30-да болатыны және кортежі өткенде жолдардың бөгелмейтіні туралы шешім қабылдаған болатын.

Мұхаммедқали Әбілғазиев 20 сәуір күні отставкаға кеткен Сапар Исаковтың орнына үкімет басшысы болып тағайындалған еді. Биліктегі Социал-демократиялық партия мен қатар «Қырғызстан», «Бир бол» және «Республика Ата-Жұрт» партияларынан тұратын коалицияның бастамасымен Әбілғазиевтың кандидатурасы ұсынылған. Қырғызстанның парламенті – Жогорку Кенештің депутаттары болса, жаңа премьердің кандидатурасын мақұлдады.

50 жасар Әбілғазиев осыған дейін премьер-министрдің орынбасары ретінде қызмет еткен. Ал наурыз айында президент әкімшілігінің басшысы болып тағайындалған болатын.

Бауыржан Мұқан

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз