Кілем жуып жатқан әйел Үлкен Алматы өзеніне батып кетті. Бұл туралы ІІД Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Оқиға 23 шілдеде Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында, Алматы-Есік автожолының аумағында орын алған.
Қайғылы оқиға туралы хабар сағат 17:19-да мәлім болды, осы сәттен бастап қаза тапқан әйелдің мәйіті іздестірілу үстінде. Іздестіруге жедел-құтқару қызметінің құтқарушылары, өрт сөндіру қызметі мен Ішкі істер қызметінің аудандық бөлімі, сондай-ақ әкімдік қызметкерлері жұмылдырылды.
Оқиға болған сәтте кілем жуып жатқан 32 жастағы әйелдің жанында жұбайы болған, дегенмен, жұбайы әйел жүзе алмағандықтан, құтқара алмаған.
“Су каналында 2 метр тереңдікке дейінгі су ағынының жылдам қарқыны бар. Еске саламыз, Үлкен Алматы өзені суға түсіп, кілем жууға емес, егістік суаруға арналған”, – деп хабарлайды ТЖК.
Әйелдің мәйіті әлі де іздестірілу үстінде.
Осыған ұқсас жағдай 14 шілдеде Пригородный аймағында болды. Аталған аймақтағы Нұра-Есіл каналында кілем жуған әйел қос қызымен суға батып кетті.
Бұған дейін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Юрий Ильин суға кетудің басты себептерін атаған еді. Жаз маусымынан бері Қазақстанда 186 адам суға кеткен.