Қарақшы Шымкенттегі банктен 16 000 000 теңге, 23 мың АҚШ доллары және 8 500 ресей рублін қолды еткен. Бұл туралы ОҚО ІІД-нің мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімі хабарлады.
«13 қазан күні сағат 19.40-да Шымкенттегі банктердің бірінің дабыл түймесі іске қосылды. Бірнеше минут ішінде оқиға орнына Шымкент қаласының Әл-Фараби ІІД-нің полиция бөлімшесінің жедел тергеу тобы келді. Банк қызметкерлерінің айтуынша, бетіне бетперде киген белгісіз адам ғимаратқа кіріп «жарылғыш қабына» ұқсас затты еденге қойып, түтін шыққаннан кейін балғамен қорқытып, ақша талап еткен», – деп хабарлайды ІІД.
Бұған дейін хабарланғандай қарақшылық шабуыл Kaspi Bank бөлімшесіне жасалған.
«13 қазанда кешке белгісіз біреу Шымкенттегі Кaspi bank бөлімшесіне шабуыл жасаған. Банк қызметкерлері дабыл түймешесін дереу басып, полиция шақыртқанымен, қарақшы ізін суытып үлгерген. Банк қызметкерлері мен клиенттерінің ешқайсысы зардап шеккен жоқ», – деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.
Сабина Сайлаубай