«Alem Barysy» көрерменінің көлік ұтып алу мүмкіндігі бар

0
104
Орталық коммуникациялар қызметі (с)

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде қазақ күресі бойынша «Әлем барысы» абсолютті чемпионатына қатысты өткен баспасөз конференциясында доданы тамашалауға келген қонақтардың көлік ұтып алу мүмкіндігі бар екені айтылды.

Конференция барысында сөз алған «Қазақстан Барысы» даму қорының қамқоршылар кеңесінің төрағасы Арман Шураев аталған чемпионатқа дайындықтың қызу жүріп жатқанын атап өтіп, биылғы жүлде қорының 30 млн теңгені құрайтынын айтты. Оның 15 млн теңгесі жеңімпазға табысталады. Өзге жүлдегерлер де қанжығасын майламай қайтпайды, оларға да жүлде қоры қарастырылған. Бұдан өзге араға біраз жылдар салып, қазақ күресі де әлемдік спорт аренасында танылатынына Шураев сенім білдірді. Әлем барысын тамашалаушы көрермендер де сыйсыз қалмайды. Чемпионат барысында жаңа автокөлік ұтысын ұйымдастыру жоспарланып отырғанын айтып өткен төраға биылғы жылғы бас жүлде – Renault Logan француз автокөлігі екендігін айтты. Сонымен қатар «Qazaqstan» РТРК АҚ төрағасы Ерлан Карин ұлттық спорт түрлері аудитория тарапынан қызығушылыққа ие екенін және «Қазақстан Барысы» сынды жобаларды халықаралық масштабта тарату ойда бар екенін атап өтті. Қазақстан Барысының жеңімпазы, қазақ күресінен төрт дүркін әлем чемпионы Айбек Нұғымаров спортшыларымыз чемпионатқа дайындықты үдетіп жатқанын және жеңістен үмітті екендіктерін алға тартты. Нұғымаровтан өзге чемпионатқа Қазақстан барысының жеңімпазы әрі әлем чемпионы Мұхит Тұрсынов, жас спортшылар Айбат Сейтен және Дәурен Нұралинов қатысады. Бұдан өзге биылғы жылғы Қазақ Барысының жеңімпазы Еламан Ерғалиев және ауыр салмақтағы  Ержан Шынкеевтің де қатысуы мүмкін.

Еске салсақ, 8 қыркүйек күні елордалық «Барыс Арена» спорт кешенінде қазақ күресінен «Alem Barysy» абсолютті чемпионаты өтеді. Аталған чемпионатқа әлемнің 40 елінен күресшілер қатысады деп күтілуде. Чемпионатты «Qazaqstan», «Qazsport», «TRT Avaz» түрік арнасы және ресейлік «Матч Планета», «Бокс ТВ» арналары тікелей эфирде көрсетеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз