Тәуелсіздік шежіресі (видео)

0
799

Тәуелсіздік – еліміздің ең басты құндылығы. Сан ғасырлар бойы армандаған тәуесліздікке, басын қатерге тігіп, кеудедегі жанын елі, жері үшін құрбан еткен бабаларымыздың, күн түн демей уайым жеп, қайғы шеккен аналарымыздың көз жасы арқасында қол жеткіздік. Бүгінде елімізді өркениетті мемлекетердің қатарына қоса білдік. Тәуелсіздіктің арқасында тарихымызды түгендеп, тілімізді, дінімізді қайта оралттық. 27 жыл ішінде тәуелсіз Қазақстан Республикасын қалыптастырып, барша әлемге танытып, нарықтың қиын өткелдерін аман өткізіп келеміз. Барша қазақ халқы үшін Тәуелсіздіктің мәне де, маңызы да айрықша. Мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданып, ұлттық салт-дәстүрімізді жандандырдық.

Тәуелсіздіктің 27 жылы тарихта өзінің ерекшеліктерімен есте қалды. Мереке қарсаңында Астана халқынан кішігірім сауалнама жасадық.

Сонымен қатар, әр жылдағы айтулы оқиғаларды тағы бір еске ала кетуді жөн көрдік.

***

1991 жылы желтоқсанның 16-сында Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялады. Осылайша әлем картасында Тәуелсіз Қазақстан атты жаңа мемлекет пайда болды. Оның тұңғыш Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды. Сөйтіп Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің ХV пленумы қабылдаған шешім қазақ қоғамына түбегейлі өзгерістер енгізді.

Н. Назарбаев қол қойған алғашқы Жарлықтарының бірі — 1991 жылғы тамыздың 29-ындағы «Семей полигонын жабу туралы» Жарлық болды. Елбасының осы тарихи шешімі, батыл қадамы бүгінде дүние жүзіне мәлім тарихи фактіге және біздің ұлттық мақтанышымыздың мәніне айналды.

Таяуда ғана Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы біздің ел Президентінің ұсынысын мақұлдап, 29 тамызды Халықаралық ядролық қару-жараққа қарсы күрес күні деп жариялады.

***

Қазақстан 1992 жылғы 2 наурыздан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының толық құқылы мүшесі.Қазір еліміздің БҰҰ, ЮНЕСКО, ЕҚЫҰ (ОБСЕ) секілді 70-ке жуық халықаралық ұйымдарда өкілдігі бар.

Мемлекеттің тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 1992 жылғы қаңтарда еліміздің ішкі істер әскері құрылды.

Бүкілхалықтық талқылаудан кейін 1992 жылғы маусымда Жоғарғы Қеңестің сессиясы Республиканың жаңа мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын бекітті. Ту авторы — суретші Шәкен Ниязбеков, Елтаңба авторлары — сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков, Шот-Аман Уәлиханов.

1992 жылғы 11 желтоқсанда Қазақстан Республикасы мемлекеттік Әнұранның мәтіні бекітілді. Мәтінін жазғандар — Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Жадыра Дарибаева. Әуенін жазғандар — Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди (1944 ж. нұсқасы сақталды).

1992 жылы Алматы қаласында Дүниежүзі қазақтарының І Құрылтайы өтті.

***

1993 жылғы қаңтардың 28-інде Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясы қабылданды. Негізгі Заң 4 бөлімнен, 21 тараудан, 131 баптан тұрды.Кейін Елбасының бастамашылдығымен 1993 жылғы мамыр айында «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң қабылданды. Осылайша біздің мемлекет кезінде кертертпа жүйенің кесірінен еліміздің азаттығы мен тәуелсіздігі жолында құрбан болған азаматтарды ақтап, бәзбіреулердің өктем саясатымен жасалған тарихтың қателігін түзеді

1993 жылғы 5 қарашада «Ақша жүйесін тұрақтандыру жөніндегі шұғыл шаралар туралы» Президент жарлығы шықты. Сөйтіп, төл теңгеміз 1993 жылдың 15 қарашасында айналымға түсті. 1993 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелге жастарды оқыту басталды.

***

1994 жылы 6 шілдеде Жоғарғы Кеңес депутаттары астананы Ақмола қаласына көшіруге шешім қабылдады.

***

1995 жылғы 1 наурызда мемлекет басшысы жанындағы қоғамдық консультациялық-кеңесші орган — Қазақстан халықтарының Ассамблеясы құрылды. Оның мақсаты — қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық татулықты нығайту болды.

1995 жылғы 24 наурызда Қазақстан халықтары Ассамблеясы (ҚХА) сессиясы ашылды. Онда қаралған мәселелер: Президент Н.Ә.Назарбаевтың өкілеттігін 2000 жылға дейін ұзарту мақсатында бүкілхалықтық референдум өткізу туралы ұсыныс енгізу. Елбасының бұл қызметте болуының бірінші конституциялық мерзімі 1996 жылдың желтоқсанында аяқталатын еді.

1995 жылы 29 сәуірде Президент Н.Ә.Назарбаевтың өкілеттігін 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзарту жөнінде бүкілхалықтық референдум өткізілді. Сайлаушылардың 95,4%-ы Н.Ә.Назарбаевтың өкілеттілігін ұзартуды қолдады.

1995 жылы 30 тамызда еліміздің жаңа Конституциясы қабылданды. Бұл негізгі Заңымызда республиканың экономикалық қүш-қуаты мен мүмкіндіктері ғылыми тұрғыдан тиянақталып, халықтың әлеуметтік топтарына тиісті мәселелерді шешу ескертілді.

***

1997 жылы министрліктер мен ведомстволар 50-ден 25-ке азайды. Әкімшілік ауданның 220-ның 30-ға жуығы таратылды. Әкімшілік облыстар 19-дан 14-ке кеміді. 1997 жылы 22 сәуірде Торғай, Талдықорған облыстары таратылды. 1997 жылы 3 мамырда Көкшетау, Жезқазған, Семей облыстары таратылды. Қазіргі кезеңде Қазақстанда 14 облыс бар.

1997 жылы қазан айында Президент Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2030» стратегиялық жолдауы жарияланды. Жолдауда болашаққа болжам, қазіргі жағдайға талдау жасалып, ішкі және сыртқы саясаттың ерешеліктері айтылды.

Бұл бағдарламада еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуының жақын арадағы және стратегиялық ұзақ мерзімдегі даму жолдары көрсетілген.

2030 жылы Қазақстан күрделі жолдан ойдағыдай өткен және дамудың келесі кезеңіне нық қадаммен аяқ басқан ел болады

***

1998 жылы 6 мамырда Президент Ақмола қаласын Астана деп атауға Жарлық шығарды. 1998 жылы 10 маусымда жаңа Астананың ресми тұсаукесері болып өтті.

***

1999 жылдың шілдесінде Астана қаласы ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығымен марапатталды.

***

2001 жыл автомобиль жолдары жылы болып жарияланды. Трансевразиялық магистраль «Батыс Еуропа —Батыс Қытай» жобасы басталды. Еліміздегі жолдардың көп бөлігі жөнделіп, жаңа жолдар салынды. Әуежайлар мен Каспийдегі теңіз порты қайта құрылды.

Қалың жұртшылықты Қазақстан халқының тарихи-мәдени игіліктерімен таныстыру мақсатында 2000 жылы Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығы құрылды.

2001 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен Астана төрінен «Атамекен» Қазақстан картасы» этнографиялық-мемориалдық кешені» деп аталатын мәдени орын ашылды. Қазақстанның кішірейтілген картасы іспеттес. Аспан астындағы мұндай мұражай дүние жүзінің 17 елінде ғана бар. Бельгиядағы «Шағын Европа» саябағы, Австрия, Швейцария, Германия, Испания, Ұлыбритания елдерінің үлгісімен дүниеге келген «Атамекенде» 14 облыс, 2 қала — Астана мен Алматы қалаларының макеттері қойылған.

***

2002 жылы Евразияның кіндігі — Астананың төрінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен Елорданың символына айналған «Астана – Бәйтерек» монументі салынды. Оның биіктігі 97 метр.

***

2003 жылы Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Бірінші съезі болды.

2003 жылы демографиялық жағдайды көтеру және әлеуметтік қолдау мақсатында аналарға бала тууына байланысты бір реттік жәрдемақылар беріле бастады. Ал 2006 жылы бала бір жасқа толғанға дейін төленетін жәрдемақы тағайындалды.

***

2004 жылы Астанада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Музейі ашылды. Онда 100 мыңнан астам экспонаттар бар. Президент Н.Назарбаевтың жеке мұрағаты мен кітапханасы мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар басшыларының тартулары, Елбасының біргей марапаттар коллекциясы, жеке заттары, құжаттары көрермен назарына ұсынылып отыр.

2004 жылы 13 қаңтарда ҚР Президенті «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы туралы Қаулыға қол қойды.

***

2006 жылдың 1 қыркүйегінде ашылған пирамида үлгісіндегі Бейбітшілік және келісім Сарайы — Астананың ең үлкен мақтаныштары қатарындағы ғимарат.
2006 жылы қыркүйек айында дәл осы жерде Әлем діндерінің екінші съезі өтті.

***

2008 жылы Астананың сол жағалауындағы әсем де зәулім ғимараттар қатарын «Қазақ елі»монументі толықтырды. Идеяның негізгі авторы — Елбасы Н.Назарбаев. Монументтің биіктігі 91метр.

***

2010 жыл Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуімен басталды. Мемлекет басшысы ЕҚЫҰ қызметіне қатысты негізгі ұстанымдарды баяндап, Ұйым төрағалығындағы Қазақстанның ұраны мен басымдықтарын жария етті. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан төрағалығының сенім, дәстүрлер, транспаренттік және төзімділік (4Т) қағидаттарына негізделетінімен ерекшеленетінін атап өтті. Жыл соңында ЕҚЫҰ-ның саммитін өткізу туралы шешім мақұлданып, оған даярлық жұмыстары атқарылды. Н.Назарбаевтың мәлімдеуінше, 2010 жыл біздің еліміз үшін ерекше жыл болды. Бұл үдемелі индустриялық бағдарламаны жүзеге асырудың бірінші жылы деп атап өтті. Ал Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі Қазақстанның халықаралық беделіне берілген жоғары баға ретінде қабылданды. Елімізде «Халық денсаулығы ісіне денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске сәйкес, Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізілді. Республикада осы жылдың қайғылы оқиғасы «Кызылағаш» суқоймасындағы бөгеттің бұзылуы көптеген адамдардың өліміне алып келді. Мемлекет тарапынаи зардап шеккендер жанұясына көмек көрсетілді.

***

2011 жылдың басты оқиғасы – бұл әрине сәуір айының басында өткен кезектен тыс Президент сайлауы. Орталық сайлау комитетінің мәліметі бойынша, сайлаушылардың 99,5 % өз дауысын Нұрсұлтан Назарбаевқа берді. Сайлаудың кезекті тыс өтуіне себеп болған – ҚР Парламентінің референдум ұйымдастырып, сол арқылы Президенттік уақытт одан әрі ұзарту туралы ұсынысы. Президент Н.Назарбаев бұл ұсыныстан бас тартып, сайлау өткізу туралы шешім қабылдады. 2011 жылдың тағы бір ерекшелігі – осы жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа «Елбасы» атағы берілді. Сонымен қатар, 14 желтоқсан күні Парламент Сенатының салтанатты жиынында Президентке Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған төсбелгі табыс етілді. 2011 жылы ел тарихында тұңғыш рет ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Қазақстан әйелдерінің съезі өтті. Сондай-ақ мамыр айында елордада Дүниежүзі қазақтарының ІV құрылтайы ашылды.

***

2012 жылдың ең маңызды саяси оқиғасы – «Қазақстан 2050» стратегиясы. 14 желтоқсан күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасын жариялады. Еліміздің межелі уақытқа қоятын мақсаты мен стратегиясы – әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына ену. 2012 жыл Қазақстан үшін спорт саласында үлкен жетістіктерге толы болды. Лондон Олимпиадасында Қазақстан құрамасы 7 алтын алып, жалпы командалық есепте 12 орынға ие болды. Осылайша Қазақстан өз рекордын жаңартты. Біздің құрама Олимпиадаларда бұрын-соңды мұндай нәтижеге қол жеткізген емес. ***2013 жыл ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұйрығы бойынша барлық зейнетақы қорлары бірігіп, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын» құрды. Бірігуге дейін елімізде 11 жинақтаушы зейнетақы қоры жұмыс істеп, олардағы жалпы жинақ көлемі 3,116 триллион теңгені (21 миллиард доллар) құрады және 8,5 миллион клиенттің есепшоты ашылды (жұмысқа қабілетті адамдардың 95 %). Жылдың ең өзекті әлеуметтік тақырыбы – әйелдердің зейнетке шығу жасының көтерілу мәселесі. Көптеген пікір алмасу нәтижесінде, зейнетке шығу жасы 2014 жылдан бастап келесі 10 жыл ішінде бірте-бірте көтерілетін болды. 10 жылдан соң әйелдер мен ерлердің зейнетке шығу жасы теңесіп, 63 жасты құрайтын болады.

***

2014 жыл Астана күні қарсаңында елордада жаңадан салынған Ұлттық музей ашылды. 2014 жылдың ең негізгі саяси оқиғасы атанған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында Президент әлем дағдарыс салдарынан жаһандық сынақ уақыты болатынын атап өтіп, осындай қиын кезеңнен тиімді шығудың тетіктерін жариялады. Нақтырақ айтқанда, тәуелсіз тарихымызда екінші рет Ұлттық қор қаражаты ел мүддесі үшін жаратылатын болып шешілді.

***

2015 жыл Қазақ хандығының 550 жылдығы атап өтілді. 2015 жылы Қазақстан ресми түрде Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болды. Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам қараша айында кәсіби рингтегі жиырмасыншы жекпе-жегін жеңіспен аяқтады. “Қазақстан” ұлттық арнасы өткізген “Жыл үздігі-2015” байқауында Қанат “Үздік спортшы” атағын иеленді.

***

2016 жылы үкіметте де маңызды ауыс-түйістер орын алды. Мәселен, Кәрім Мәсімов премьер-министрлік қызметінен кетіп, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне басшылық ететін болды. Ал Иманғали Тасмағамбетов қорғаныс министрі қызметінен премьер-министрдің орынбасары болып ауысты. Рио-де-Жанейрода 31-ші Олимпиада ойындары болып өтті, онда Қазақстан 17 марапатқа ие болды. Жүзгіш Дмитрий Баландин, ауыр атлетші Ниджат Рагимов пен боксшы Данияр Елеусінов елге алтын әкелді. 2016 жыл Ақтөбе қаласында терракт орын алып ондаған адамның өмірін жалмады. 5 маусымда діни радикалдар тобы қару-жарақ дүкендеріне шабуыл жасап, Нәтижесінде 19 адам оққа ұшып, аман қалған жеті лаңкес өмір бойына бас бостандығынан айрылды.

***

2017 жылы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ашылуы жылдың ең айтулы, маңызды шарасына айналды. Барыс бейнелі болашағына батыл қадам басқан тәуелсіз Қазақстанның жыл ішіндегі басқа жетістіктерін былай қойғанда, төрт құбыласы түгел дамыған елдердің де қолынан келе бермейтін жаһандық шараны зор табыспен, Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысының берген бағасы бойынша, «соңғы жиырма бес жыл ішіндегі ең тамаша көрме» ретінде асқан ұйымшылдықпен өткізуі еліміздің әлемдік аренадағы абыройын тағы бір асқақтатып, берік бірлігі мен қуатты әлеуетін паш етті.

***

2017-2018 жылдары аралығында Бірікккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіне мүше болған Қазақстан 2018 жылы тарихта алғаш рет аталған кеңестің төрағасы міндетін атқарды.

2018 жылы Каспийдің құқықтық мәртебесі анықталады.

 2018 жылы Қазақстанның астанасы Астананың 20 жылдық мерейтойы өтті.

Сонымен қоса 2018 жылы Астанада Орталық Азия елдері басшыларының саммиті өтті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз