Астанада интернет алаяқтары 150 адамды алдап соққан

0
110

Технология, ғаламтор, әлеуметтік желілердің дамуы ақшаны жаңа әдістер арқылы иемдену мақсатымен жасалатын алаяқтықтың өсуіне әкелді. Тек 2018 жылы ғана елорданың құқық қорғау органдарына алаяқтық фактілері бойынша 4263 адам шағымданып келген, соның ішінде әрбір үшіншісі онлайн cатып алу кезінде алданып қалған. Бұл туралы Астана қалалық прокуратурасы хабарлады.

Интернетте алдаудың ең көп тараған түрі — көпке танымал «OLX» және «Колеса» сайттарында нарықтағы бағадан төмен сатылатын тауарлар туралы хабарландырулар. Онда жәбірленушілердің көбі алаяқтың шотына электрондық төлеу құралдары арқылы ақша аударып, алданып қалады. Алаяқтықтың бұл әдісі жиі қолданылады, себебі онда қолма-қол қаражатты тұлғаны сәйкестендіруді талап етпестен пайдалануға мүмкіндік бар. Жәбірленушілерді алдап соққан қылмыскерлер әдетте олармен жеке түрде емес, әлеуметтік желілер немесе телефон арқылы байланысқа шығады. Сатып алуларды талқылау кезінде қылмыскерлер жалған құжаттар, мекенжай анықтамаларын пайдаланып отырады. Өзара хат жазысу кезінде сатып алушы баға туралы келісіп, ақшаны Qiwi-әмиян арқылы аударады. Ақша аударылған соң, сатушы аккаунтын өшіріп, ізін жасырады.

Ғаламторда көп тараған алаяқтықтың тағы бір түрі жеңіл жолмен ақша табуға уәде беретін аккаунттар арқылы жасалады. Осылайша, 2018 жылы «Инстаграм» әлеуметтік желісінде алаяқтықтың 125 оқиғасы тіркелген. Онда қаскүнемдер арнайы парақшалар ашып, адамдарды спорттық жарыстарға ақша тігіп, кепілдендірілген ұтысты алуға шақырды. Тартымды хабарламаларға қызыққан азаматтар ақша ұтамыз деп, алаяқтарға қаражатын аударып отырған.

Елордада осындай жолмен 150-ден астам азамат алданды. Бұл қылмыскерлердің сенім білдірген азаматтарды алдаудың кейбір әдістері ғана. Осыған байланысты, Астана қаласының прокуратурасы азаматтарды қырағы болып, өздерінің банк карточкалары туралы құпия мәліметтерді таратпауды, тауарларды тек сенімді ресми сайттардан сатып алуды сұрайды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз