Қазақстанда Наурыз мейрамы қалай тойланады

0
1,969
дереккөзден

Наурыз – түркі халықтарының Жаңа жылы, парсы тілінен аударғанда “жаңа күн” деген мағынаны білдіреді.

Қазақстанда Наурыз мейрамы сонау ықылым замандардан бері тойланып келеді. Алайда тоталитарлық жүйе заманында 1926 жылдан 1988 жылға дейін ширек ғасырдан астам уақыт бойы мерекені тойлауға тыйым салынды. 1988 жылдан бастап ұлттық мейрам қайта тойлана бастады. Тәуелсіздік алған 1991 жылы (15 наурызда) Наурыз ресми мереке ретінде бекітілді. Қазіргі уақытта Наурыз мерекесіне орай қазақстандықтар қатарынан үш күн (21,22,23) демалады.

дереккөзден

Қазақстанда Наурызды тойлау түрлі салт-дәстүрлерге негізделген. Мәселен, таңертең ерте тұрып бұлақтың жанында тұрғындар жиналып, жас шыбықтарды еккен. Қазақта “Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын”, “Бір тал кессең, он тал ек” деген даналық сөздер бар. Адамның кең ауаны тыныстап жұтуына сеп болатын өсімдік атаулы тіршіліктің белгісіндей саналады.

Қазіргі уақытта ауыл-аймақта болмаса, қалалық жерлерде ерте тұрып, ағаш егетіндер аз. Адамдар мерекелік көңіл-күйде демалып, серуендеп, қонаққа барады, шаңырақта қонақ күтеді. Бұл күні үйдің іші бір шаңыраққа жиналып, ұлттық тағамдар пісіріледі.

Наурызда тырнақ алып, шаш қиюға болмайды деген тыйым бар.

дереккөзден

Атаулы мерекенің басты көрсеткіші – дастарханда. Дастархан дәл осы күні қаншалықты бай жайылса, жыл соншалықты тоқ өтеді деген түсінік бар. Ұлттық тағам ет пен бауырсақтан өзге, бұл күні міндетті түрде Наурыз көже қайнатылады. Көжеге жеті түрлі дәм қосылады. Кейбіреулер сүр ет қосып пісіруді жөн көрсе, өзгелері ет қосады, сондай-ақ, сұлы, күріш немесе бидай қосылады. Әдетте Наурыз көженің бекітілген нақты құрамы жоқ, әркім қалаған жеті дәмін қоса алады. Есесіне, қонақтарға үлкен баппен таратылып беріледі.

дереккөден

Наурыз мерекесінде “Ақ мол болсын, Қайда барсаң жол болсын!”, “Ұлыс оң болсын!” деген ақжарма тілектер айтылады. Міндетті түрде үлкен ақсақалдар бата қайырады. Дәл осы күні туыс-тума, көрші-қолаң бір-біріне қонаққа барып, Наурыз көжеден дәм татады.

Ал көшеде ерекше мерекелік көңіл-күй орнайды. Түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылып, қазақтың ұлттық ойындары (аударыспақ, күрес, арқан тарту, асық т.б) ойналады.

Алтыбақан тебу
Қыз қуу
Теңге алу
Көкпар тарту
Ат жарыс

Ат жарысы өтіп, көкпар тартылады. Әдемі әндер шырқалып, биден шашу шашылады. Ұлттық салттар: тұсау кесу, бесікке бөлеу т.б орындалады. Жастар алаңға шығып алтыбақан теуіп, кешке “Ақ сүйек” ойнайды.

Арқан тартыс
Қазақша күрес

Ерте замандарда Наурызды тойлау айтыспен тәмамдалған. Шешендік өнердің қас жүйріктері ортаға шығып, өз өнерлерін ортаға салған. Қазірде айтыс өнері қазақ халқы үшін ерте ата-бабадан жеткен ерекше өнер түрі ретінде сақталып қалды.

Асық ату
Бесікке бөлеу

Наурыз мейрамы ұлттық береке-бірліктің, татулықтың, жаңа күннің символы. Өткен тарихтан сыр шертіп, жаңа күннің бастамасы болып саналады. Наурыз мейрамы құтты болсын!

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз