Биыл суға шомылу маусымы басталғалы еліміздің су айдындарында 154 адам, оның ішінде 58 бала суға батып кетті. Бұл жөнінде арнайы ұйымдастырылған брифингте Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл 154 адамның 141-і (оның ішінде 53 бала) суға түсуге жабдықталмаған орындарда, 13 адам (оның ішінде 5 бала) жабдықталған орындарда суға кеткен.
Комитет төрағасы адамдардың қаза болуының негізгі себептері ретінде суға шомылу кезінде өз күштерін жете бағаламау, балаларды ересек адамдардың қарауынсыз қалдыру, 17 адам мас күйінде суға батып, 2 бала жүзе алмау салдарынан қайтыс болғанын атап өтті.
– Өткен жылмен салыстырғанда суға кеткен адамдар санының өсуі Ақмола (+12), Алматы (+9), Батыс Қазақстан (+9), Түркістан (+7), Қостанай (+6) облыстарында байқалады. Мәселен, 8-14 шілде аралығында еліміздің су айдындарында 61 адам, оның ішінде 22 бала суға кетті. Ал өткен демалыс күндері, яғни 13-14 шілде күндері еліміздің су айдындарында 22 адам (оның ішінде 7 бала) қаза болды, олар суға шомылу кезінде жабдықталмаған жерде және суару арналарында суға батып кетті, – деді В.Беккер.
Ресми мәліметке қарағанда, елімізде халықтың шомылуы, демалуы және балық аулауы үшін пайдаланылатын 50 мыңнан астам су қоймасы бар.
Су айдындарын және судағы демалыс орындарын қамтуды арттыру үшін ТЖК аумақтық бөлімшелері жыл сайын құтқарушы-жасақшыларды ақысыз негізде оқытуды жүзеге асырып келеді. Биыл 880 құтқарушы-жасақшылар дайындықтан өткен, олардың есебінен жеке демалыс аймақтарында 335 объектілік құтқару бекеті құрылған.