2019 жылғы Құрбан айт мерекесі тамыз айының 11-і күні басталады. Бұл туралы ҚМДБ баспасөз қызметі хабарлады.
Астрономиялық тұрғыдан Айдың тууы бейсенбі күніне, яғни 1 тамызға сәйкес келеді. Ал, 2 тамыз зулхиджа айының бірінші күні болып саналады.
Арапа күні 10 тамызға сәйкес келеді. Арапа – қажылар Арафа жотасында құлшылық ететін күн.
“Жағдайы бар мұсылманның құрбан шалуы – уəжіп (міндет). Құрбандыққа түйе, сиыр жəне қой (ешкі де) шалынады. Құрбандық малы айт намазынан кейін айттың үшінші күні күн батқанға дейін шалынады”, – делінген ҚМДБ таратқан хабарламада.
Құрбандық етін үшке бөліп таратуға болады. Бір бөлігі өзіне қалады, екінші бөлігі ағайын-туыс, көршілерге беріледі, үшінші бөлігі көмекке мұқтаж кісілерге таратылады.