Павлодар облысына Моңғолиядан 13 отбасы көшіп келді

0
101

Павлодар облысына Моңғолиядан 13 отбасы көшіп келді. Бұл туралы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасөз қызметі хабарлады. 

“Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шет елде жүрген қандастар тағдырынан бір сәтте қол үзбей, тікелей араласуының негізінде бауырларымыздың туған жеріне қоныс аудару легі жалғасуда. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және “Отандастар қоры” КЕАҚ-ның пилоттық жобасы аясында Моңғолияның Қобда, Баян-Өлгей аймақтарынан Қазақстандағы туыстарына қосылып, ұрпақтарын атамекенге жеткізу мақсатында Павлодар облысына көп балалы 13 отбасының 80 адамы көшірілді”, делінген хабарламада.

Айта кетерлігі, Қазақстанға біржолата көшіп келуге ниет білдірген қандастар негізінен әлеуметтік, тұрмыстық жағдайына байланысты өздігінен көшіп келе алмайтын еді. Сондықтан, бұл шара  “Отандастар қоры” КЕАҚ–ның қолдауымен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Павлодар облыстық филиалының ұйымдастыруымен іске асырылды. “Көшіп келген қандастар арасында 13 баланы өмірге әкеліп өсіріп, жеткізген ардақты ана Қайша апаның қолындағы кенже ұлы мен келіні 6 баласымен бірге атамекенге келіп отыр. Сондай-ақ, жасөспірім оқу жасындағы 46 бала, 4 студент, 1 зейнеткер, еңбек жасындағы 29 азамат көшіп келді. Олардың ішінде ағылшын тілі, бастауыш сынып мұғалімдері, техника мамандары, механизатор, мал дәрігері, медицина саласының маманы, басқада арнайы оқу орталықтарын бітірген тәжірбиелі мамандық иелері бар”, – делінген баспасөз хабарламасында.

Моңғолиядан көшіп келуші отбасы мүшелерін және отбасының тұрмысқа қажетті қолданыстағы мүлік, жеке үй жүктерін Ресей Федерациясының Алтай өлкесінің Ташанта кеден бекеті арқылы шекарадан алып өтуіне байланысты келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен “Отандастар қоры” РФ Омбы қаласындағы Қазақстан Республикасы Консулы қызметкерлерінің көмегіне жүгінген болатын.

Көшіп келушілер Павлодар қаласындағы “Қоныстанушылар мен оралмандарды уақытша бейімдеу орталығында” бір апта болып, Павлодар қаласының тарихи орындары мұражайларымен танысып, бірқатар құқықтық кеңес алып, құжаттарын рәсімдеп, медициналық тексеруден өтеді. Одан кейін, Екібастұз қаласының, акедемик Әлкей Марғұлан атындағы ауылына 9 отбасы, Павлодар ауданына 2 отбасы, Ақсу қаласының Достық, Ақжол ауылдарына 2 отбасы, Тереңкөл, Май аудандарына қоныстанады деп жоспарланып отыр.

Көшіп келген отбасылар түгелдей биылғы жылғы оралмандардың өңірлік квотасына еніп, мемлекет тарапынан әр адамға 88 375 теңгеден бір жыл бойы үй жалдап тұратын қаражат беріледі. Балалары оқу орындарына, еңбек жасындағылар жұмысқа орналасады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз