ОҚО ШАРУАЛАРЫ 328 МЫҢ ТОННА ШИТТІ МАҚТА ЖИНАДЫ

0
128

Оңтүстік Қазақстан облысының шаруалары 328 мың тонна шитті мақта жинады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 41 мың тоннаға артық. Орташа түсімділігі гектарына 24,5 центнерден жиналған ақ алтынның 196,6 мың тоннасы немесе 60 пайызы машинамен терілді. Яғни, мақта алқаптарында 500 ден астам комбайн теру жұмыстарын жүргізді. Бүгінде жиын-терім науқаны толығымен аяқталды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Еліміз бойынша ақ алтынның 100 пайызы Оңтүстікте өндіріледі. Ал, мақта дақылын өсірумен облыстағы 10 ауданның шаруалары айналысып келеді. Мақта дақылы экспорттық маңызға ие болғандықтан егіс көлемі жылдан жылға артып келеді. Мәселен, биыл Оңтүстікте 134,6 мың га жерге шитті мақта егілсе, бұл өткен жылмен салыстырғанда 25 мың га артық.  Көктемнің кеш түсуі мен ауа райының қолайсыздығына байланысты биыл мақта теру жұмыстары қараша айының 20-сына дейін созылды.

Мақта еліміздегі экспорттық басымдыққа ие дақылдардың қатарында. Бүгінде Оңтүстік шаруалары жаңа технологияларды қолдану мен ізденістің арқасында мақта талшығының 10 сұрыпын жасап шығарған. Мақтаның мұндай элиталы сұрыптарының түсімділігі 38-40 ц/га дейін жетеді.

Қазіргі таңда ОҚО өндірілетін мақта талшығының жоғары сұрыптары Ресей, Беларуссия, Германия, Латвия, Молдова, ҚХР, Бельгия, Иран, Украина, Италия және Оңтүстік Корея сынды 10 мемлекетке экспортталуда. Жыл басынан бері аталған елдерге 30 мың тоннаға жуық мақта талшығы жөнелтілген.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз