Елбасы кітапханасында әзербайжан тіліндегі «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» кітабының тұсаукесері өтті.
Жобаның жетекшісі және кітап авторы Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы, саяси ғылымдарының докторы, профессор Махмұт Қасымбеков көп жылдар бойы Мемлекет басшысының қол астында қызмет етіп, президенттік институтты кәсіби зерттеумен айналысты.
Сондай-ақ Елбасы кітабын кітаптың авторы Махмұт Қасымбеков пен Әзербайжан Республикасы Президентінің қоғамдық-саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Әли Гасанов кесті.
Махмұт Қасымбеков «Әзербайжан тілінде шыққан кітап Қазақстан халқы мен оның Мемлекет басшысына деген құрметті білдіреді. Кітаптың қазақ және орыс тілдерінде шыққанына бес жыл болды, осы уақыт ішінде ағылшын, неміс, кәріс, араб, венгер, серб және қытай тілдеріне аударылып үлгерді. Қазақстандағы латын қарпіне көшу маңызды мәселесі қаралып жатқанда осы кітаптың латынға аударылып шығуы ел жетістігінің тағы бір нышаны болды», дейді.
Кітап Н. Ә. Назарбаевтың өмірі мен қызметін ресми тарихи-өмірбаяндық тұрғыдан зерттеудегі алғашқы тәжірибені ұсынады. Онда қарапайым ауыл баласынан ұлт көшбасшысына дейінгі жолы егжей-тегжейлі қарастырылған. XX–XXI ғасырлар тоғысындағы Қазақстан дамуын драмалық және елеулі оқиғалар, үдерістер, тарихи өткенге шолумен баяндайтын Елбасының саяси өмірбаянына ерекше назар аударылған.
Кеңейтілген ауқымды мұрағаттық материалдар негізінде дайындалған Елбасы өмірбаяны Қазақстанның жаңа тарихы бойынша маңызды құжаттық дереккөз болып табылады. Онда мағыналы фотосуреттер материалдарымен қатар алғаш рет тарихи сипатталған оқиғаларға көз жүгіртуге мүмкіндік беретін жеке құжаттардың тура көшірмесі ұсынылады.
Орыс тілінен әзербайжан тіліне Әзербайжан Жоғары медиа сыйлығының және Исмаил Гасприн атындағы Халықаралық түркі академиясының медиа сыйлығының лауреаты, журналист-публицист Аида Эйвазова аударған. Кеңесшілері – Халықаралық түркі академиясының президенті, профессор Дархан Қыдырәлі және Милли Меджлис (Әзербайжан ұлттық жиыны) депутаты Джаваншир Фейзиев. Редакторы – Вели Акперов.
Қазақстандағы Әзербайжан Республикасының Елшілігінде: «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» кітабы – Қазақстанда тұратын әзербайжан үшін ана тілдерін сақтап қалу жағынан үлкен сый болды», – деп мәлімдеді.