Қазақстандық археологтар Ақтөбе облысы Темір ауданында біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырдағы сармат көсемінің қорғанын анықтады. Бұл туралы ақпарат Ақтөбе облысы әкімдігінің Instagram-аккаунтында шықты.
Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинның хабарлауынша, тарихи жәдігер Тасқопа елді мекенінің маңында табылған. Бұл жерде алтынмен көмкерілген киіммен жерленген сармат көсемінің қорғаны анықталған еді.
“Есікте, шығыста, Атырауда табылған көне ескерткіштер Ақтөбе облысында жалғасын тапты. Бұл ата-бабаларымыздың жоғары өркениетті қоғамда өмір сүргенін білдіреді. Мен бұл біздің өңірде табылған археологиялық құндылықтардың бір бөлігі ғана деп есептеймін”, – деді Ақтөбе облысының әкімі.
Айта кетейік, ең алғашқы “Алтын адам” Қазақстанда 1969 жылы Есік қорғанынан табылған болатын. Тарихи жәдігерді 1969-1970 жылдары археолог Б. Нұрмұханбетов тауып, ғалым К.А. Ақышев әлемге жариялаған. Топырақ қорғандармен ұштасып жатқан қорым солтүстіктен оңтүстікке қарай 3 шаршы шақырым жерді алып жатыр.