БҰҰ Қазақстан халқының өсуі мен қартаюына қатысты деректермен бөлісті. Ұйымның мәліметінше, Қазақстанда халық саны 2050 жылға қарай 24 миллион адамға жетеді. Бұл туралы ranking.kz сайты жазды.
“Жалпы демографиялық тенденция жағдайында мемлекеттік бюджетке түсетін ауыртпалықты болдырмау үшін елде зейнетақымен қамсыздандырудың жинақтаушы компонентін міндетті және ерікті түрде дамытудың маңызы зор. БҰҰ болжамы бойынша, алдағы онжылдықта жер бетіндегі халық саны өседі: қазіргі 7,7 млрд адам 2030 жылы 8,5 млрд-қа, ал 2050 жылы 9,7 млрд-қа дейін артады. Болжам бойынша, Қазақстан халқының саны да өседі деп күтілуде: 2050 жылға қарай халық саны 24 миллион адамға жетеді”, – делінген ақпаратта.
2019 жылдың басында Қазақстанда 18,4 млн адам өмір болса, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда (18,2 млн адам) 1,3% -ға көп. Ал соңғы 10 жылда елдегі халықтың орташа өсімі жылына 1,5%.
Халық санының өсуі әлемде де, Қазақстанда да егде жастағы адамдар санының тұрақты өсуімен қатар жүреді.
Егер 2014 жылы 65 жастан асқан тұрғындар Қазақстан халқының 6,8% -ын құраса, 2018 жылдың соңында – 7,5%-ға жетті. Болжамға сәйкес, елде 65 жастан асқан егде жастағы адамдардың үлесі 2050 жылы қазіргі 7,5% -дан 14,1% -ға дейін екі есе артады.
Сонымен қатар, Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы да артуы мүмкін. 2014 жылы өмір сүру ұзақтығы 71,44 жас болса, 2018 жылдың соңында бұл көрсеткіш 73,15 жасқа дейін өскен.