24 сәуірде Қазақстанда мұсылмандар үшін қасиетті саналатын Рамазан айы басталды. Елдегі төтенше жағдайға байланысты жұқпалы індеттің алдын алу үшін мешіттерде жұма, тарауық, күнделікті жамағат намаздары уақытша оқылмайды. Сонымен қатар, мешіт пен қоғамдық орындарда ауызашар берілмейді.
Төтенше жағдайда ораза ұстайтын қазақстандықтар үшін ескеретін кей ақпараттарды жинақтап осы мақалада ұсынамыз.
КАРАНТИН КЕЗІНДЕ КІМДЕРГЕ ОРАЗА ҰСТАМАУҒА БОЛАДЫ?
“Шариғат бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Алайда, жолаушыларға, сырқаттанған немесе денсаулығы нашар адамдар ауруының асқынуынан қауіптенсе және сенімді дәрігер ұзақ уақыт бойы ашығудан денсаулығы күрт нашарлап кетуі мүмкін деген шешім қабылдаса, сондай-ақ жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдерге ораза тұтуды кейінге қалдыруға шариғат рұқсат береді”, – деді баспасөз жиынында ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы.
ОРАЗАДА – ОНЛАЙН ДҰҒА
ҚМДБ-ға қарасты “Хикмет ТВ” студиясы арқылы 30 күн ораза бойы имамдар мен діни ұстаздардың қатысуымен “Отыз күнге – отыз уағыз” атты онлайн жоба дәрістері жүргізіледі.
“Бұл жоба үйден шықпай, маңызды әрі ғибратты тақырыптар төңірегінде білікті дін қызметкерлері мен ғалымдардың насихатын тыңдауға мүмкіндік жасайды”, – деп хабарлады ҚМДБ баспасөз қызметі.
Рамазан айында күн сайын республикалық “Әзірет Сұлтан” мешітінде бір сағат арнайы онлайн-хатым оқылып, қасиетті Қадыр түнінде Құран Хатым дұғасы жасалады.
Сондай-ақ, muslim.kz истаграм парақшасы арқылы онлайн режимде Республикалық “Әзірет Сұлтан” мешіті имамдарымен күнделікті “Батамен ел көгерер” атты дұға жасау рәсімі ұйымдастырылады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының muftyat.kz сайтынан “Рамазан энциклопедиясы” қосымша парақшасы ашылған.
ТАРАУЫҚ НАМАЗЫ МЕШІТТЕ ОҚЫЛМАЙДЫ
ҚМДБ бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы рамазан айындағы тарауық намазы жамағатпен мешітте оқылмайтынын 14 cәуір күнгі брифингте мәлімдеген.
Ол тарауық намазын әркім отбасы мүшелерімен оқуға кеңес берген еді. Бас мүфти “осылай оқшаулану арқылы жұқпалы індетті жеңеміз” деген пікір айтқан.
ҚМДБ төтенше жағдай кезінде онлайн-уағыздар мен дәрістердің арнайы кестесін бекіткен. Діндарлар сұрағына жауап беру үшін call-center ашқан.
ПІТІР САДАҚАНЫ ОНЛАЙН БЕРУГЕ БОЛАДЫ
Қазақстандағы төтенше жағдайға байланысты Рамазан айында берілетін пітір садақасы мен зекетті kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы аударуға болады.
Мобильді қосымшаға әр облыс пен республикалық маңызы бар қалалардағы орталық мешіттердің есепшоты енгізіледі. Әр азамат өз өңіріндегі мешіттің есепшотына пітір садақасы мен зекетін үйден шықпай онлайн режимде аудара алады.
ҚМДБ Төралқа мәжілісінің шешімімен биыл бір адам атынан берілетін пітір садақа мөлшері 370 теңге деп бекітілген. Пітір садақаның құны екі келі ұнның республика бойынша есептегенде нарықтық орташа бағасымен шығарылған.
“Материалдық жағдайы бар азаматтар пітір садақаны мейіз немесе құрма құнымен бергені абзал”, – делінген ҚМДБ таратқан ақпаратта.
Өз қажеттілігін қоспағанда мал-мүлкі, дүниесі күміс нисабына жеткен, яғни 127 мың теңгесі бар адам Рамазан айында өзі және жанұясы үшін пітір садақасын беруі – уәжіп (міндет). Пітір садақасы пенденің ораза кезінде жіберіп алған қате-кемшіліктерінің өтеуі үшін және көмекке мұқтаж жандарды материалдық қолдау мақсатында беріледі.
23 мамыр қазақстандықтар үшін рамазан айының соңғы күні. Ал, елдегі төтенше жағдай режимінің ұзаратыны немесе тоқтатылатыны туралы нақты ақпарат әзірге жарияланған жоқ.
Abdimanap KENES