Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы Мақтарал ауданындағы су тасқынынан эвакуацияланған тұрғындарға материалдық көмек көрсетілетінін айтып, уәде берді.
Ол Twitter парақшасында “үкіметке су басқан ауылдардың тұрғындарына жан-жақты материалдық көмек көрсетуді тапсырғанын, Түркістан облысының бірде-бір тұрғыны назардан тыс қалмайтынын” жазды.
Тоқаев тасқыннан зардап шеккендерге нақты қандай тапсырма бергенін ашып айтпады.
1 мамыр күні Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасы жарылып, айналасындағы ауылдарды су шайып кеткен.
1 мамыр түнде Сардобаның суы Қазақстанның оңтүстігіндегі, қазақ-өзбек шекарасында орналасқан Абай каналына жетті. Кейін канал су арнасынан асып, Мақтарал ауданындағы бірнеше ауылды су алды. Осыдан соң Мақтарал ауданында төтенше жағдай жарияланды.
Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, Мақтарал ауданында 14 ауылдың 30 мыңнан астам тұрғыны эвакуацияланды. 845 үй, 3 мектеп, 5 балабақша, 4 медицина ғимараты мен мәдениет үйі және 54,7 км көпір мен жолды су алған. Бұдан бөлек, 7639 гектар егістік су астында қалған.
Үйінен, малынан айырылған тұрғындар биліктен нақты көмек болмай жатқанын айтып, наразылық білдіріп жатыр. Олар су басқан аймаққа жағдаймен танысу үшін президент Тоқаевты, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевті, мәжіліс депутаттарын шақырған.