Үкімет басшысы Асқар Мамин шілде айына әлеуметтік жәрдемақы жұмысы шектелген жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға берілетінін айтты.
“Мемлекет басшысының тапсырмасымен шектеу шаралары кезінде табысынан айырылғандарға әлеуметтік жәрдемақыны ең төменгі жалақы мөлшерінде бір айға төлеу туралы шешім қабылдап отырмыз. Төлем карантиннің күшейтілуіне байланысты жұмысы шектелген жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың өтінімі негізінде жүргізіледі”, – деді Мамин үкімет отырысында.
Премьер-министр еңбек министрлігіне азаматтардың жекелеген санатына азық-түлікке ақшалай көмек беруді жалғастыруды тапсырды. Бұл санатқа бір миллионнан астам адам кіреді.
Еске салайық, президенттің тапсырмасымен республикада карантин тағы екі аптаға, екінші тамызға дейін ұзартылды.