НҰР-СҰЛТАНДЫҚТАР ҚЫСТА ОРТАША ЕСЕППЕН 500 МЫҢ ТОННА КӨМІР ТҰТЫНАДЫ
Нұр-Сұлтан тұрғындары көмірді қаланың 11 нүктесінен сатып алуына болады. Көмір қорының мекен-жайын әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Көмір сатылатын мекен-жайлар: Герцен, 4/1, 40-ст.; Герцен, 6 Б; Көктал, 28/1; Жұбанов, 35; Литейная, 44; Дулатов, 182/1, Центр бетон; Жабаев, 68; Мақат, 40.
“Қатты отынның жалпы қоры 2 қазандағы жағдай бойынша 10 570 тонна болған. Елордаға 1 маусым мен 5 қазан аралығында 1962 вагон, яғни 136 561 тонна көмір жеткізілген. Оның ішінде қыркүйек айында – 44 вагон немесе 2967 тонна “Майкүбі” көмірі, 6 вагон немесе 414 тонна “Қаражыра” көмірі”, – деп хабарлады астананың отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы.
Басқарманың хабарлауынша, көмір сорты және жеткізу қызметін қоспағанда орташа бағасы 9500 теңгеден 13000 теңгеге дейін. Қазіргі уақытта бір тонна “Шұбаркөл” көмірі 12750 теңгеден, “Қаражыра” – 12700, “Майкүбі” – 13000, “Богатырь” – 9500 теңгеден сатылып жатыр.
Отын-энергетика басқарманың мәліметінше, көмір алдын-ала сатып алынып, қараңғы және құрғақ жерде сақталса, қасиеттерін жоғалтпайды. Қыста астанада орта есеппен 500 мың тонна көмір жағылады.
ЖЫЛЫТУ ПЕШІН ҚОЛДАНҒАН КЕЗДЕ НЕНІ ЕСКЕРУ ҚАЖЕТ?
– пешті 50х70 см өлшемді металл төсегіш жабдықтау қажет;
– пештің жанғыш құрылымдардан өртке қарсы қашықтығы кемінде 26 см болуы керек;
– түтін құбырының ішкі бетінен қорғалмаған жанғыш құрылыстарға дейінгі ара қашықтық 50 см-ден, ал қорғалған жанғыш құрылыстарға дейін ара қашықтық 38 см-ден кем болмауы тиіс;
– пештің қатты қызуына жол бермеу, пештерде және оларға жақын жерде отын, киім және басқа да жанғыш материалдарды құрғатпау;
– пештерді жағу үшін жанғыш сұйықтықтарды пайдалануға, жанып жатқан пешті қараусыз қалдыруға, сондай-ақ оларды қадағалауды жас балаларға тапсыруға;
– құрамында қызған және бықсыған материалдар бар күл мен қож оттықтан шығарылғаннан кейін өрттің пайда болу мүмкіндігін болдырмайтын және сумен төгілмейтін арнайы бөлінген орынға шығарылуы тиіс.
ГАЗ АСТАНАҒА ҚАШАН ЖЕТЕДІ?
Әкімдік баспасөз қызметі қаланы газдандыру жұмыстары әлі жалғасып жатқандығын хабарлады. Тұрғын үйлерді газбен жабдықтау желілеріне қосу үшін тегін техникалық шарттар алуға фронт-офистер ашылған.
Осы жылыту маусымда Железнодорожный, Промышленный, Көктал-2, Көктал-1, Агроқалашық (ішінара) тұрғын аудандарындағы үйлер газбен жылыта алуы мүмкін.
“Осы жылы ЖЭО-1 және ЖЭО-2 қазандықтарының бір бөлігін газға ауыстыру жоспарланған”, – дейді әкімдіктегілер.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтанды газбен қамтамасыз ету мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Тұрғындар күн суығанда көмірдің түтіні қаланы басып, ыстың иісі киімге сіңіп қалатынын айтады.