7 қазан күні үкімет мүшелерімен болған отырыста Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пандемияның екінші толқынына дайындалу туралы айтты.
Ақорда сайтында жарияланған президент баяндамасында коронавируспен күрес бойынша 6 мәселе айтылған.
- коронавирусқа тест тапсырудың төмендеу тенденциясы;
- ауруханалардың толықтай дайын еместігі;
- карантин шаралары сақталмай, заң бұзу деректері көбейіп кеткендігі;
- дәрі-дәрмектің жетіспеушілігін болдырмау бойынша жоспарлар толықтай іске аспауы;
- медицина қызметкерлерін қаржылық жағынан қолдауға байланысты мәселелерді шешу;
- коронавирустан басқа да аурулардан қайтыс болғандар саны артуы, т.б.
“Жалпы, эпидемияға қарсы күрес кезінде біраз тәжірибе жинадық. Бұл тәжірибені мейлінше тиімді пайдалануымыз керек. Жалпы Үкімет осындай күрделі ахуалда өз жұмысын тиімді, сәтті жүргізуде. Баршаңызға аян, қазір көптеген елде санитарлық ахуал күрделеніп барады. Бұл – коронавирус індеті қайта өршиді деген сөз. Біз бұған дайын болуымыз керек”, – деді президент Тоқаев.
Президент екінші толқын басталған жағдайда қандай шаралар атқарылуы керек екенін айтады. Тоқаев көрші елдермен қарым-қатынас мәселесі, өмірлік маңызы бар салалардың жұмысын ақсатпау, азық-түліктің жеткіліктілігі мен оның бағасын бақылауда ұстау, малдәрігерлік саланың ақсауынан құс тұмауы сияқты аурулардың таралуы орын алды, енді, ондай инфекциялардың таралуына жол бермеу турасында айтқан.
Тоқаев Қазақстанның өзге елдер сияқты пандемия жағдайында қаржылық, экономикалық қиындықтарға тап болғанын айта келіп, үкімет экономиканы құлдыратпай сақтап қалу үшін жақсы жұмыс істеді деп баға береді.
Бұдан бөлек, халықпен кері байланыс орнату, елдің сенімі мәселесін алға тартқан.
“Елдің береке-бірлігі мен амандығы бәрінен қымбат. Әсіресе, бұл қазіргідей кезеңде өте маңызды. Әлемді жайлаған пандемияға және экономикалық дағдарысқа төтеп беру үшін мемлекет барлық қажетті шараларды қабылдауда. Бірақ бұл жұмыс бүкіл ел болып, жұмыла білсек қана өз нәтижесін береді”, – деді Тоқаев.